Мәселе авто-мектептерде емес, жемқорлықта — Диана Окремова

Қаракөз Амантай 17 нау. 2025 09:47 524

“Құқықтық медиа орталық” қоғамдық ұйымының директоры Диана Окремова елдегі жүргізуші куәлігін алу мәселесін көтерді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұған дейін сенатор Марат Қожаев жүргізуші куәлігін алу тәртібін қатаңдатуды ұсынған еді. Ол жол-көлік оқиғаларының қорқынышты статистикасын келтіріп, бұл мәселені авто-мектептердің әлсіз дайындығымен байланыстырды. Сенатордың айтуынша, елімізде жүргізуші куәлігін алу тым оңай.

Алайда “Құқықтық медиа орталық” қоғамдық ұйымының директоры Диана Окремованың пікірінше, мәселе авто-мектептерде емес, түп-тамыры тереңге кеткен жемқорлықта. Оның сөзінше, Қазақстанда жүргізуші куәлігін алу ғана емес, оны сатып алу да қиындық тудырмайды.

“Жүргізуші куәлігін алу оңай емес – оны сатып алу тіпті оңай! Ол үшін заңсыз жол іздеудің де қажеті жоқ – АвтоЦОН-ның 2ГИС қосымшасындағы пікірлерді ашсаңыз, “көмекшілердің” байланыстары ашық көрсетілген”, – дейді Диана Окремова.

Ол жүргізуші куәлігінің құнын анықтау мақсатында қызығушылық танытып, зерттеу жүргізгенін айтады.

“Қазіргі нарықтағы бағасы – 220 мың теңге. Бар болғаны бірнеше сағаттың ішінде, ең көбі бір күнде дайын болып шығады. Нағыз “сервис” дерсің!” – деп мысқылдады ол.

Оның сөзінше, ақылы түрде ешқандай оқу-жаттығусыз, үйден шықпай-ақ құжат алуға мүмкіндік болса, жүргізушілерді даярлау сапасын көтеру туралы айту мағынасыз.

“Қанша талапты күшейткенмен, жүргізуші куәлігі сатылатын болса, бұл еш нәтиже бермейді. Егер жүйе сол қалпы қалса, депутат нақты не нәрсені қатаңдатпақ?” – деп түйіндеді Диана Окремова.

Еске салайық, бұған дейін Сенат депутаты Марат Қожаев Қазақстанда жүргізуші куәлігін алу талаптары жеңіл болғандықтан, жол жағдайы да күрделі екенін жеткізген болатын.

“Елімізде жол инфрақұрылымы қауіпсіздік стандарттарына толық сай емес. Сонымен қатар авто мектептердегі білім беру процесі көбіне формалды түрде өтеді. Сондықтан бұл салада бақылауды күшейту қажет”, – деді ол.

Сенатордың айтуынша, басқа елдермен салыстырғанда Қазақстанда жүргізуші куәлігін алу әлдеқайда оңай.

“Шетелде бұл мәселеге ерекше жауапкершілікпен қарайды. Ал бізде көлік жүргізу мәдениеті әлсіз. Оны жаңа оқыту бағдарламалары арқылы жақсартуымыз керек”, – деді Марат Қожаев.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар