Бұл ретте Марғұлан Сейсембай елдегі өзін толғандыратын мәселелерге қатысты ойын ортаға салып, өзіне жала жабылуы мүмкін деген «қисынсыз дәлелдерге» жауап беріпті.
Сонымен, мына мәселелерге қатысты менің пiкiрлерiм мен нақты ұстанымдарым:
РЕЙДЕРЛІК ТУРАЛЫ
Бұл менің қаскойларымның сүйікті тақырыбы. Бірден айтайын, осы елде маған қарсы жасалған рейдерлік шабуылдың кесірінен ең көп ақша жоғалтқан және бизнестерінен айырылған адаммын.
Мен осылайша «Семей көмірді», «Альянс банкті», «Мертвый Култук» мұнай кен орнындағы үлесімді, Алматы қаласындағы 18-ден астам жер телімін жоғалттым. Сомаға шаққанда бұл 6 млд. АҚШ долларынан да көп ақша. Сондықтан мен рейдерлік шабуылдың кез келген түріне шыдап отыра алмаймын және оның қандай да түріне болсын қарсымын.
Рейдерлiк шабуыл дегенiмiз ол әкімшілік ресурстар мен жемқор судьяларды қолдана отырып мүлікті тартып алу.
Альянс банкі мен мемлекет/халық қаржысының жымқырылуы туралы.
Мен ешқашан мемлекетпен бірге бизнес жасаған емеспін. Тіпті Альянс банкте де ұлттық компаниялардың депозиттері болған емес.
Мені ұрлады деп айыптап, бірақ мүлдем дәлелдей алмаған соманың мөлшері 1,1 млрд. доллар еді. Альянс банктегі менiң 1,35 млрд. АҚШ доллары ақшам болғанына қарамай. Сонымен қатар, қаржы жымқырды деген кінәсі дәлелденген жоқ, ал менің Альянс банкке салған қаражатым аудиторлық есеп нәтижелері мен халықаралық соттар арқылы дәлелденді.
Оған қоса, менің әрекеттерім себебінен жәбірленген бірде-бір адам жоқ, ал банкті тартып алғандардың кесірінен жәбір көргендердің саны өте көп.
ПАРА ЖӘНЕ ҚАНДАЙ ДА КЕЛІСІМДЕР ТУРАЛЫ
Мен пара беріп бизнес жасайтындарды бизнесмен емес, өз күшімен ақша таба алмайтын мүгедектер деп санаймын.
Мен бизнес жасау үшін немесе қандай да бір тендерді ұту үшін ешқашан ешкімге пара берген емеспін.
Оффшорлар мен шетел банктеріндегі есепшоттар туралы.
Бұрын менің оффшорлық компаниялар мен шетелдік банктерде есепшоттарым болатын. Қаражат көздері заңды түрде көрсетілсе, бұл заңсыз болып есептелмейді. Мен ешқашан мұндай әдіспен салық төлеуден жалтарған емеспін.
Сондықтан, есепшоттар мен оффшорлық компаниялар туралы қандай да бір деректер «шыға қалса», не үшін мұндай компанияның ашылғанына және қаражаттың қайдан пайда болғанына қатысты әрбір жағдайға нақты жауап бере аламын.
Мен өзімнің әрбір миллионымның қайдан пайда болғанына жауап бере аламын. Менде ешқашан бір тиын да еңбексіз табылған ақша болған емес.
МЕНІҢ БИЛІККЕ САТЫЛҒАНЫМ ТУРАЛЫ
Бұл аргумент мен үшін ең күлкілі көрінедi. Бірақ мен бұған жауап беремін, өйткені билікке деген реніші бар көптеген адамдар мені сөгеді әрі бұл маған таңба боп жабысады.
Осыншама қаржы тапқаннан кейін және оның бәрін тартып алғаннан кейін мені сатып алуға болады дейсіздер ме? Мен миллиардер болдым, байлықтың шыңына шықтым, ақша мен үшін өзім қалағандай өмір сүруге арналған құрал, басқа түк те емес.
Мен қазір тек бір-ақ нәрсе қалаймын. Ол – дұрыс елде ар-ұжданнан аттамай өмір сүру. Маған билік керек емес. Маған танымалдылық та қажет емес. Маған тек жақсы әрі өркениеттi елде өмір сүру ғана керек.
МЕНІҢ САЯСИ АМБИЦИЯМ ТУРАЛЫ
Жоғарыда жазғанымдай, маған биліктің керегі жоқ. Маған тек жақсы, өркениетті Қазақстан ғана керек. Ол үшін мен, қоғам қайраткері әрі белсенді азамат ретінде, маған қатысты нәрсенің бәрін жасаймын, бірақ тек заң аясында ғана.
Дүмпу не төңкерісті басқару мен үшін мүмкін емес нәрсе. Мен бүлдіруші, бұзушы адамнан гөрі епті, тиімді әрі рационалды жасампазбын.
Кейінгі салдары қандай болатынын білмейтіндіктен, мен «большевиктерше» төңкеріс жасауды қабылдамаймын.
Мен үшін, қалай болғанда да, еліміздің тәуелсіздігі бірінші орында!
ЖЕТІ ТАРМАҚ
Енді басқа да мәселелерге қатысты ұстанымдарымды айтайын.
- Мен жерді сатуға түбегейлі қарсымын. Жемқорлық жайлаған осындай жағдайда, табиғи қазба байлықтарымыздың бәрін дерлік шетелдіктерге беріп қойғанымыз секілді, жерімізден де айырылып қаламыз.
2. Біздің жерімізде қытайлық кәсіпорындардың салынуына қарсымын. Жемқорлықты жойыңыздар, жеке меншікті құрметтеңіздер, соттардың тәуелсіздігін қамтамасыз етіңіздер. Қалғанының бәрін кәсіпкерлердің өздері-ақ тындырады. Бізде өте талантты және қарым-қабілеті күшті адамдар көп. Оларға тек сенім арту керек. Сонда сырттан инвестиция іздеудің қажеті болмай қалады.
3. Мен шынайы қазақ тарихын қалпына келтіру керек деген ойдамын. Тарихи әділеттілік орнауы тиіс. Большевиктер тарапынан жасалған барлық әділетсіздіктерге тиісті баға берілуі керек.
4. Мен Қазақстанның көпұлтты болуын қолдаймын. Көпұлттылық біздің мемлекеттілігімізді нығайтып, бекемдей түседі деген ойдамын. Сонымен бірге, біздің дәстүріміз бен мәдениетімізге өзгеше реңк береді. Экономикамызға айрықша септігін тигізеді. Мұны мен күнделікті өмірімде де, барлық кәсіпорындарымда да көріп жүрмін.
5. Мен қазақ тілінің жан-жақты дамуын қолдаймын. Бұл тарихи әділдіктің орнауы үшін өте маңызы әрі негізгі ұлт – қазақтардың тілегі. Сондай-ақ, болашақта әрбір қазақ үш тілді білуі керек деп санаймын. Сонымен қатар, болашағын Қазақстанмен байланыстыратын кез келген өзге ұлттың өкілі қазақ тілін міндетті түрде үйренуге тиіс.
6. Ерекше айта кететін жайт, менің орыс халқына деген көзқарасым өте жақсы, бірақ Ресей билігіне оң қабақ танытпаймын. Қазіргі орыс билігі, өкінішке қарай, Африкада да, Ресейде де бірдей болатын диктатурадан басқа ештеңе емес. Бірақ солай болса да, бұл біздің ең үлкен әрі тарихи көршіміз болғандықтан, қай кезде де дос болуымыз керек.
7. Қытайлықтармен қарым-қатынасымызды тым тереңдете бермей, олармен тек сауда байланыстарын ғана орнатуымыз керек. Кез келген терең қатынас олардың пайдасына шешіледі. Олар күшті, қаржысы да көп, өздері де әлдеқайда көп.
Әзірге осылар. Көптеген маңызды мәселелерге деген ұстанымдарымды біршама ашып айтып, олардың бұрмалаулары мен қисынсыз жала жабуына аз мүмкіндік қалдырдым деген ойдамын.