Марат Оспанов: "Популизм? Ол менің жаныма жат"

Dalanews 23 қыр. 2019 08:59 849

Тәуелсіздіктің таң сәрісінде саяси аренаға ерекше тегеурінімен, өзіндік бағдар-ұстанымымен, терең теориялық білімімен, кемел интеллектісімен жарқырай шыққан саясаткердің бірі әрі ерекше тұрпаттысы, мемлекет қайраткері, танымал парламентші Марат Тұрдыбекұлы Оспановтың туғанына 70 жыл болды.

Dalanews.kz қайраткердің мемлекеттік һәм қоғамдық қызметін талдап, таразылаған саясаткер Нәубат Қалиевтің мақаласын оқырман назарына ұсынады. 

 Марат Оспановтың саяси келбеті қандай, саясаткерлігі неде ? Ол бізге несімен тағылымды және құнды?

Біріншіден, ол терең мемлекетшіл саясаткер. Ол Қазақ мемлекеттігінің қаз тұрып қалыптасуының басы-қасында болды, небір тағдырлы заңдардың қабылдануына көп күш салды.


Осы ретте Оспанов төрағалық еткен 1996-1999 жылдары Мәжіліс қабылдаған 242 заңның қатарында 7 кодекс, оның ішінде Азаматтық (ерекше бөлім), Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу, Қылмыстық атқару, Азаматтық іс жүргізу кодекстері, «Бюджет жүйесі туралы», «Мемлекеттік баж туралы», «Банкроттық туралы», «Валюталық реттеу туралы», «Білім туралы», «Мәдениет туралы», «Саяси партиялар туралы», «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы», «Мемлекеттік қызмет туралы», «Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі туралы», «Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы», «Дипломатиялық қызмет туралы» тәрізді мемлекет дамуының заңнамалық негізі мен саяси-экономикалық іргетасын нығайтуға бағытталған заң жүйесі жасалды.

Парламент осылайша, өзінің заң шығарушылық қызметі арқылы жүйе құраушылық, жүйе жасаушылық миссия атқарды. Бұның барлығында М.Оспановтың қолтаңбасы, сындарлы, ұлан-ғайыр ұйымдастырушылық, саяси мәмілегерлік және ілкімді үйлестірушілік қызметі тұрды.



Екіншіден, М.Оспановта үлкен деңгейдегі саясаткерге қажетті қоғам дамуының өткір әлеуметтік-экономикалық мәселелерін талдап, саралап, жинақтап, оларды халықтың әртүрлі топтарының мүдделерін бейнелей және көрсете білу стратегиялық-бағдарламашылдық қасиеттер болды.

Оның бұл қасиеттері 1999 жылғы Парламент сайлауында «Отан» партиясының бағдарламасын жасауда ерекше көрінді.

Үшіншіден, М.Оспанов демократ-парламентарий еді. Оның «Парламент – демократияның негізгі тірегі» деген тұжырымы оның қоғам өміріндегі Парламенттің орны туралы принципті ұстанымы еді.


М.Оспанов Парламентті, парламентаризм институтын демократия мен халық билігінің тірегі, қайнар көзі деп бағалады.

«Парламент қоғамның саяси топтасуының, оның жетекші күштерінің орталығы болып табылады. ...Палата Төрағасы ретінде мен саяси тұрақтылық пен демократичный экономика мен саясатта Адам мүдделеріне теріс ықпал ететін ережелерге жол бермеу арқылы дамытудың ұйымдық-құқықтық әзірлік жолын жүргізуін ғана таңдап аламын.



Байыптылыққа, диалогқа, әріптестікке және мәмілеліктің қажеттілігіне негізделген саясаттағы центризм мен үшін бірден-бір дұрыс идеялық-саяси тұғырнама әрі практикалық саясат нысаны болуға тиіс» – деп саясаткер ағынан жарылады.

Ол Парламентті еліміздің бүкіл тіршілігін реттейтін сапалы заңдарды шығарудың беделді орталығына айналдыруды өзінің депутаттық, спикерлік қызметінің басты мақсаты және мәні деп түсінді.


Және бұл ретте көп нәрсеге қол жеткізді. Оның Парламент, парламентаризм институты туралы тамаша ойлары, пікірлері, бастамалары өте көп еді. Ол 1995 жылғы Конституцияға сәйкес елде президенттік басқару нысаны енгізілгеннен кейін де Парламент, парламентаризм институты беделін сақтау, нығайту ісінде бір қарағанда көзге көрінбейтін көп жұмыс тындырған бірден-бір спикер десем ақиқаттан алыстамай, тіпті әділін айттым деп есептеймін.

М.Оспанов есімі халық жадында Парламент палаталарының ең беделді төрағасы ретінде сақталып келеді. Ол Қазақстан Үкіметі басшыларының да білгір де әділ оппоненті еді.

Төртіншіден, М.Оспановтың Мәжіліс спикері ретіндегі басты қасиеті  парламент демократия мен жариялылықтың елдегі басты тірегі мен үлгісі деп түсініп, заң шығару процесі мен сол кезеңдегі ел дамуындағы күрделі әлеуметтік-экономикалық проблемаларды талқылау кезінде кең де ашық пікірталасын қамтамасыз етіп, бірі-біріне қарама-қарсы пікірлердің айты- лып, тыңдалып, талқы тезіне түсуіне жағдай жасап, бағыттап отырды.

Мәжіліс Төрағасы заң шығару процесіндегі, әр жылғы республикалық бюджетті бекіту мен орындалу есебі жөніндегі Парламенттің басты әріптесі Үкіметпен арақатынастың принципті, жоғары талапкершілік жағдайында болуына жетісті.



Бұл мәселелерде М.Оспанов әр кез биікте болды, сарабдал саясаткер-стратег ретінде көрінді.

Сол күрделі тарихи кезеңдегі елдегі шетін әлеуметтік-экономикалық ахуалды нақты бағалауда, ондағы қордаланған проблемаларды шешудің макроэкономикалық жолдарын, оның заңнамалық негіздерін нығайтуда қандай заңдардың басымдығы мен қажеттігін білуі, жалпы интеллектуалдық деңгейі жөнінен Марат Тұрдыбекұлы, біздің пікірімізше, Үкімет басшысы мен оның орынбасарларынан көш ілгері, жоғары тұрды.

Мұны сол уақыттағы Үкімет мүшелері де мойындайтын. Сол кездегі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кіріс министрі 3.Кәкімжанов былай дейді: «Менің жеке өзім үшін түйгенім: Марат Тұрдыбекұлына тән қасиеттер позициясының дұрыстығы, көзқарастарының дұрыстығы және өмір салтының дұрыстығы» [3,118].

М.Оспанов басқарған Мәжіліспен әріптестік сол кездегі Н.Балғымбаев басқарған Үкімет үшін нағыз саяси сын мектебі болды.

Оның үстіне, макроэкономикалық мәселелерді шешу турасында Мәжіліс Төрағасының дербес, баламалы бағдарламасының болуы Н.Балғымбаев кабинетіндегі, әсіресе экономикалық-қаржы блогындағы кадрлардың ісіне ерекше талап ахуалын тудырып, олардың парламентшілер пікірімен үнемі есептесуіне зор ықпал ететін.

Әлеуметтік-экономикалық қиындықтар алдында дәрменсіз, «жеңіл салмақты», әлсіз, тым шамданғыш, «ашушаң» Үкіметті М.Оспанов Конституциялық нормаларға және парламенттік демократиялық рәсімдерге сәйкес, Парламенттің сенімсіздік көрсетуі арқылы отставкаға кетуге тиіс деген қорытындығы келді.



Және ол пікірін баспасөзде ашық жазды. Бұл да оның ашық, принципті саясаткер екендігінің тағы бір дәлелі.

Бесіншіден, М.Оспановта қазіргі заманғы саясаткерге мейлінше қажет инновациялық қасиет, яғни үнемі ізденісте болу, қоғам дамуының перспективасы туралы өз позициясы мен бағдарламасын үнемі сараптап, жетілдіру қасиеті молынан бар еді.

Оның экономист-ғалым ретіндегі елдің даму' болашағына, 1998-1999 жылдардағы экономикалық дағдарыстан шығу, экономиканы сауықтыру жөніндегі тың идеялары «Тұрақтандырудан өсуге қарай (1999-2005 жылдарға арналған экономикалық бағдарлама)» Бағдарламасында жинақталды. Оны өз атынан Президент пен Үкіметке ұсынды.

М.Оспановтың төл бағдарламасының қаншалықты маңыздылығы, өз уақытында жасалғандығы, оның түптеп келгенде, 1999 жылдың күзінде жаңадан құрылған Қ.Тоқаев басқарған Үкіметтің орта мерзімдік әлеуметтік-экономикалық стратегиясының негізіне айналғандығы ғылыми әдебиетте жан-жақты айтылған.

М.Оспановтың сол Бағдарламасының кейбір идеялары күні бүгінге дейін маңызды, өміршең. Бүгінгі терең дағдарыстан шығу үшін Бағдарламаның, әсіресе салық, ақша-қаржы, бюджет саясаты туралы бөлімдерінің көптеген нақты, құнды ойларына тағы бір назар аударып, бүгінде оған сүйенуге болады дел есептейміз.

М.Оспановтың ойлау жүйесінің кеңдігін, мемлекет, оның басқару жүйесі алдындағы проблемалардың ауқымы мен табиғатын білуі деңгейін осы Бағдарламаның «Сыбайлас жемқорлықпен күрес» деп аталатын тарауындағы мынадай нақты ұсыныстарынан көруге болады:

-        кәсіпкерлер мен азаматтардың құқықтарын чиновниктердің қысымы мен жемқорлығынан қорғау және оны заңнамалық тұрғыдан бекіту;

-        сыбайлас жемқорлықпен күресте назарды ең алдымен, елдің ұлттық қауіпсіздігі мен жалпыұлттық мүдделеріне неғұрлым зор қауіп төндіретін кұқық қорғау, сот, ішкі істер органдары қызметіне, қаржы саласына (банктер, салық кызметі мен полициясы, республикалық және жергілікті қаржы органдары), кеден қызметі, мемлекеттік мүлікті басқару, жылжымайтын мүлікті сату-сатып алу салаларына аудару [4].

Бүгінде елімізде дәл осы салаларда сыбайлас жемқорлықпен күрестің ең өткір, ең күрделі мәселе болып, әзірше олардың асқынғандығы, тереңдігі, сыбайластығы сондай, ол жалпыұлттық деңгейге өсіп, оны еңсеру, онымен күрес жалпымемлекеттік проблемаға айналды.

Алтыншыдан, ол жария, ашық саясаткер еді.

Ол жариялылықты, халықпен ашық сөйлесуді өз тіршілігінің басты ережесі, саясаткерге қойылар басты талап деп таныды. М.Оспанов үшін бұқаралық аппарат құралдары демократия мен парламентаризм институтының ең беделді, әлеуетті әріптесі болды.


Қай уақытта да ең бір күрделі, қым-қиғаш, даулы да тартысты мәселелерде БАҚ құралдары өкілдерімен пікір алысудан тартынбайтын. Өз пікірін ашық, тура, батыл айтатын. БАҚ өкілдерімен бірлескен жұмыстан үлкен қанағат, ләззат алатын.

М.Оспанов дүниеден өткенде «Жас алаш» басылымының редакция ұжымы өз ойларын былай тұжырымдаған еді: 

«Өмір бойы өзін-өзі жетілдіріп, шыңдап, алды-артын екшеп, заманынан қалмай, қажымай, талмай жүретін адамдар болады. Оспанов осындай еді. Ол әлдекімдей бөстекі сөз бен пәтуасыз пікірге бой алдырмай, нысаналы өмір сүруге, бір мақсатқа жетуге талпынып, сол жолда ойын ашық айта алатын, кім-кіммен де еркін диалогқа баратын сұңғыла саясаткер болатын».

Бұл оның саясаткерлік келбетіне бүкіл ел журналистері қауымының атынан да берілген баға десек, шындыққа қайшы келмеспіз.

Саяси аренаға жоғары оқу орнының кафедра меңгерушісі, доценті қызметінен келген М.Оспанов жастар мен студенттердің позициясының қоғам үшін тағдырлы маңызын қоғамтанушы ретінде тереңнен түсінді. Сондықтан студенттермен жұмысқа, олармен парламентарийлердің әлсін-әлсін кездесуіне ерекше көңіл бөлді.

Парламент Мәжілісінің отырыс залынан он шақты орынның студенттер үшін бөлінуіне, олардың еркін келуіне жол ашты.

Жетіншіден, М.Оспанов сындарлы, нақты ұсыныстар мен істің адамы еді.

Ол популизм мен демагогиядан бойын аулақ ұстауға тырысты. Оған саясаттағы сындарлы ойлау мен әрекет табиғи жақын еді.


Өткен ғасырдың 90-жылдарының басы Қазақстанның мемлекеттік, саяси Жаһандану жағдайындағы дамуында өтпелі қоғам кезеңіне ауысып, Ел болашағын, әсіресе оның экономикалық-әлеуметтік дамуын бағдарлауда мүлдем жаңа міндеттер тұрды.

Іргелі теориялық білімі бар М.Оспанов XII сайланған Жоғарғы Кеңестің осы саладағы басты теоретиктерінің, оның заңнамалық негізін қалаушылардың біріне айналды.

Парламенттік сайлаудың не бір өткелек-қиындықтарынан өткен М.Оспановтың сұңғыла саясаткерлік, харизмалық үздік қасиеттері мыңдаған сайлаушының көңіл күйін, талғамын дәл тапқан талғампаздығы, мәмілегерлік шеберлігі аса тартысты өткен 1999 жылдың күзіндегі парламенттік сайлауда жарқырай көрінді. Партиялық тізіммен алғаш рет өткен сайлауда ең көп дауысқа ие болған «Отан» партиясы бұл сайлаудағы табысы көп ретте М.Оспановтың харизмалық беделіне, интеллектуалдық әлеуетіне байланысты да болды десек, тарихи ақиқатқа қайшы келмеспіз.

 

Нәубат ҚАЛИЕВ,


саяси ғылымдар докторы


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар