Марат Жыланбаевқа түрмеде қысым көрсету жалғасып жатыр — адвокат мәлімдеме жасады

Қаракөз Амантай 30 мам. 2025 11:16

Марафоншы, қазір түрмеде отырған Марат Жыланбаевқа Степногорскідегі түзету мекемесінде қысым көрсетіліп жатыр. Бұл туралы оның адвокаты Мейіржан Досқараев мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Адвокаттың айтуынша, Жыланбаев 26 наурыз бен 4 мамыр аралығында ұзаққа созылған аштық жариялаған. Аштықтың салдарынан денсаулығы нашарлап, кейін жазалау изоляторына (ДИЗО) орналастырылған.

“Оның басты талаптарының бірі — жазған арыз-шағымдарының мекеме шекарасынан сыртқа шықпауы. №4 түзету мекемесінде шағым қабылдайтын арнайы терминалдар бар, алайда Маратты соларға жібермейді. Адвокат ретінде мен де арыз-шағымдарын сыртқа жіберуге мүмкіндік ала алмай отырмын, құжаттардың бәрін заңсыз тартып алып, “Адвокаттық қызмет туралы” заң мен адвокаттық құпияны өрескел бұзып отыр”, — дейді Досқараев.

2024 жылдың басында Ақмола облысы бойынша ҚАЖД басшысының рұқсатымен Маратқа токарьлық құрал-жабдықтар мен сурет салуға арналған бояулар, қылқаламдар және басқа да жеке заттар жеткізілген болатын. Өйткені ол — төртінші разрядты токарь және суретші. Алайда сол жылдың соңында белгісіз себептермен оған бұл іспен айналысуға тыйым салынған. Қанша рет аштық жарияласа да, бұл құқықтары әлі қалпына келтірілмеді. Тіпті жеке жазбалары да тәркіленген.

Адвокат 21 мамырда Степногорск қаласындағы түзету мекемесінде Маратпен кездескен. Оның айтуынша, Мараттың омбудсменге жолдаған арызы мен сәуір айының басында адвокатқа арнаған хаты мекемеден сыртқа шықпаған.

“Оған жасалатын қысым күннен-күнге үдей түсуде. Соңғы сапарымда денсаулығының аштықтан әлі қалпына келмегенін айтты. Өзінің заңды талаптарын айтқаны үшін оны қысыммен тұншықтыруға тырысуда. Мысалы, асхана мен ДИЗО аралығында орналасқан шұңқыр түрлі зиянкес жәндіктерге толы. Оған жүгіретін жер де берілмейді. Салдарынан Марат мәжбүрлі түрде аштыққа қайта оралады. Сонымен қатар маған, яғни адвокатына, тікелей хабарласа алмайды. Мұндай тыйым заңда жоқ. Енді ол, аштық нәтиже бермегендіктен, келесі жолы өзін жарақаттауға мәжбүр болатынын айтты. Өйткені өткен жылы алты мәрте, биылдың өзінде екінші рет аштық жариялап отыр”, — дейді қорғаушы.

Адвокаттың мәлімдеуінше, 2025 жылдың сәуір айының соңында Марат моншаға кеткен кезде, оның камерасынан 30-40 бет көлеміндегі жеке жазбалары жоғалып кеткен.

“ДИЗО-ға қамалғанда Мараттың қан қысымын өлшейтін құрылғысына дейін алып қойған. Түрме әкімшілігі оны сырт әлемнен толық оқшаулауға тырысып жатыр, тіпті менің де жазбаларымды бақылауға алған”, — деді Мейіржан Досқараев.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстандық ультрамарафоншы, суретші, оппозиционер, жүгіруден халықаралық дәрежедегі спорт шебері Марат Жыланбаевтың түрмеден жазған хаты жария болған еді.

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаәлеуметтік желіде қазір түрмеде аштық жариялап жатқан марафоншы Марат Жыланбаевтың хатын жариялады. Хат Ақмола облыстық прокурорына жолданған. Онда Жыланбаев “аштықты емдік мақсатта жариялап отыр” деген ақпаратты жоққа шығарып, “бұл барып тұрған жалғандық” деп мәлімдейді.

– 18 қаңтарда аузымды скрепкамен тіктім. Сол жылы 5 ай бойы – 151 күн аштықта болдым. Бұл менің алтыншы аштық жариялауым. Қазір мұнда маған шығармашылықпен айналысуға да, стадионда жүгіруге де мүмкіндік бермей отыр. Барлық жұмыс құралдарымды тартып алды. 5 сәуір күні жуынуға кеткенімде тәртіптік изоляторда қағаздарым жоғалып кеткен.18 ақпанда қақпаннан 29-тышқанды ұстадым. Менің аштығым – бұл мені заңсыз қамауға алған жүйеге қарсылығым. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары мені саяси тұтқын деп таныды, – делінген хатта.

Хат 7 сәуірде жазылғанымен, оны құқық қорғаушы 15 сәуір күні жариялаған.

Айта кетейік, 26 наурызда Марат Жыланбаев сот үкіміне және түрмеде өзіне жасалған қысымға байланысты аштық жариялаған болатын. Адвокатының айтуынша, 5 сәуірде ол мекеме әкімшілігінің әрекетіне наразылық ретінде аузын тігіп, прокурор келген соң бірнеше сағаттан кейін тіккен жерін шешіп тастаған. Бұған дейін Ақмола облысы ҚАЖД Жыланбаевтың сот шешімімен келіспеуіне байланысты аштық туралы өтініш бергенін айтқанымен, оның нақты аштық жариялағанын растаған жоқ.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар