Мұрагерлікке талас па? Болат Назарбаевтың әйелі күтпеген мәлімдемемен ел алдына шықты

Көркем Алдабергенова 30 мам. 2025 17:05

Болат Назарбаевтың тағы бір әйелі Динара Кемелхан мұрагерлікке таласты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл туралы заңгер Анна Чернова хабарлады. Оның айтуынша, оған марқұм Болат Назарбаевтың жары Динара Кемелхан көмек сұрап жүгінген. Ол бұл өтінішті кәмелет жасына толмаған балаларының мүддесін қорғау мақсатында жасапты.

Чернованың сөзінше, Динара Кемелхан марқұм жұбайының соңғы жылдардағы жағдайы, оның ұзақ уақыт бойы науқас болып, төсекке таңылғаны жайында егжей-тегжейлі баяндаған. Алайда заңгердің сөзінше, ерекше назар аударатын жайт — қазіргі таңда мұрагерлік мүлікті үлкен ұлының қалай бөліп жатқаны туралы ақпарат.

Динара Кемелхан бұл мәселені бейбіт жолмен шешіп, өз үлесінің бір бөлігін "Қазақ халқына" қорына аударуды ұсынғанын, бірақ Назарбаевтың ұлы бұл ұсыныстан бас тартқанын айтқан.

Анна Чернованың айтуынша, бұл бағытта құқықтық жұмыстар жалғасады. Сонымен қатар Динара Кемелхан көпшілікпен бөлісу үшін оқиғаның мән-жайын бейнежазба түрінде дайындап жатыр.

Бұған дейін DALA INSIDE Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірден қайтқан інісі, "ең бай сантехник" атанған Болат Назарбаевтың мұрасы үшін тартыс шешуші фазасына жеткенін жазған болатын. Аренаға күтпеген жерден дәстүрлі әнші Динара Кемелхан (Мәметекова) шығып отыр.

"Болат Назарбаевтың үлкен ұлдары оның азаматтық некеде жүрген әйелі Динара Мәметековамен заңды некеге отыруына қарсы болған еді. Себебі, Болаттың денсаулығы нашарлағандықтан, олар да, әулеттің басым бөлігі де мұраға ортақтасатын артық адам қажет емес деп ойлады. Енді олар "Динара Мәметекова Болат Назарбаевтың ұзақ өмір сүрмесін білді және әдейі некені заңдастыруға асықты" деп санайды", - дейді, DALA INSIDE дереккөзі.

Нотариусқа барып, мұрагерлік құқығын жариялағандар тізімде Болат Назарбаевтың көз жұмған сәтіндегі заңды әйелі Динара Мәметекова мен 14 баласы бар. Өтініштер бірлесіп сатып алынған мүліктің үлесіне де, заң бойынша мұраның міндетті үлестеріне де қатысты.

"Болат Назарбаев өзінің өсиетхатын алғаш рет 2014 жылы жазып, онда барлық мүлкін үлкен ұлы Нұрболдың атына табыстаған. Алайда, заңда ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкіне қатысты бап бар. Сондықтан заңды әйелі ортақ мүлікке таласа алады", - дейді, дереккөз.

Болат Назарбаев мұрасының ең қомақты бөлігіне Нұрбол Назарбаев ие болып отыр. "Жаңа Қазақстан" да біраз активтің кезінде заңсыз қолды болғанын дәлелдеп, қазір өзіне қайтару процесін жүргізуде. Сондықтан қалған мұрагерлердің көп болса бір жер телімі, не үйге қанағат етуі ғажап емес.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар