"Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бұрынғы төрағасы, алаяқтық үшін сотталған Абылай Мырзахметов шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өз өтінішін соттан қайтарып алды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Tengrinews.kz мәліметінше, Мырзахметовтің өтініші Павлодар облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотқа 2 мамырда келіп түскен. Қарау мерзімі 28 мамырға белгіленген болатын. Алайда іс сот отырысына дейін жетпей тоқтатылды.
"Материал қараусыз қалдырылды: сотталушы арыз жазып, өтінішін қайтарып алды", – деп нақтылады Павлодар облыстық сотының баспасөз қызметі.
Соттың түсіндіруінше, шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға құқығы бар сотталғандар әр алты ай сайын тиісті өтініш бере алады.
"Бұл сотталушы келесі осындай өтінішті кемінде алты айдан кейін ғана жолдай алады. Алайда егер ол жаза түрін жеңілірекке ауыстыру туралы басқа өтініш бергісі келсе, мұны ертерек те жасауына болады", – деді сот өкілдері.
Қазіргі таңда Абылай Мырзахметов Павлодар облысындағы №46 түзету мекемесінде жазасын өтеп жатыр. Осы көктемде бұл мекемеде биг-бэг (үлкен қаптар) тігетін шағын тігін цехы ашылған. Бұл туралы бұған дейін Бас прокуратураның Telegram-арнасы видео жариялаған болатын.
Видеода Мырзахметов колонияда еңбек етіп жүргенін айтып, былтыр қыркүйекте басқа сотталғандармен бірге шағын өндірісті іске қосып, инвестор тапқанын және жарты жылдың ішінде 120 жұмыс орнын құруға көмектескенін баяндайды. Колонияда спорттық киімдер, ағаш пен металлдан бұйымдар жасалады. Қажетті құрал-жабдықтар мен жұмыс орындарын кәсіпкерлер қамтамасыз еткен.
Павлодар облысы прокуратурасының мәліметінше, бірнеше тігін машинасын Мырзахметов өз қаржысына сатып алған. Қазір ол басқа сотталғандармен бірге биг-бэг қаптарын тігумен айналысады.
Еске салайық, Абылай Мырзахметов аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Сонымен қатар, ол кәсіпкерді қылмыстық жауапкершіліктен босатуға көмек беремін деп пара беруге итермеледі деген айыппен де сотталған.
2025 жылдың қаңтарында Мырзахметов жазасының қалған бөлігін бостандығын шектеу жазасына ауыстыру туралы өтініш берген. Алайда сот бұл өтінішті қанағаттандырмаған. Себеп – марапаттар саны жеткіліксіз болған. Судьяның айтуынша, оның бір ғана ынталандыруы бар болған – адал еңбегі үшін, ал бұл заң бойынша сотталушының тікелей міндеті саналады.