Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай елдегі кейінгі саяси өзгерістер, резонансты тақырыптар төңірегінде ашық сұхбат берді, – деп хабарлайды Dalanews.kz.
Жуырда Ерболат Досаев Алматы әкімі қызметінен кетті. Депутат экс-әкімнің жұмысына баға берді.
"Досаевқа әртүрлі баға беріп жатыр. Досаев - бірінші кезекте прагматикалық көзқарастағы, экономикалық логикасы басымырақ саясаткер. Ол ешқашан Сапарбаев сияқты әкім бола алмайды. Өйткені шаруашылықтан алыстау. Ол кісінің бірбеткейлігі, дөрекілігі көп айтылып жатыр ғой", - деді Мақсат Толықбай BILGEN DURYS арнасына берген сұхбатында.
Сондай-ақ, оның пікірінше, жаңадан әкім боп келген Дархан Сатыбалды екеуінің басқару стилі екі бөлек.
"Құмыраның екінші жағынан баға беруіміз керек шығар. Дархан Сатыбалдының Алматыдай ең ірі мегаполиске әкім боп келуі жаңа саяси элита қалыптаса бастағанын көрсетеді. Өйткені Назарбаевтың айналасындағы ең ірі олигарх топтардың саяси ойыннан ығыстырыла бастағанының көрсеткіші бұл. Өйткені ол Тоқаевтың дәуірінде келді. Елші болды. Түркістан облысының даму баспалдақтарын көріп отырған шығарсыздар. ...Тоқаевтың айналасындағы саяси элитаның келісімімен келген адам", - деді сарапшы BILGEN DURYS арнасына берген сұхбатында.
Депутат жұрттың осы өзгеріске қатысты "Алматыны неге "чимкентский" басқаруы керек?" деген пікіріне қатысты өз ойын айтты.
"Осы көзқарастан кетуіміз керек. Сайлау десе де осылай шығамыз. Әрнәрседен қорқып отыра берсек, даму болмайды. Сот саласына байланысты болсын, әкімдікке байланысты болсын. Дархан Сатыбалдының басқару стилі бөлек. Түркістан - ең ірі облыс. Үш миллион халқы бар. Ол жақта да әртүрлі кландық топтар бар, ақсақалдар институты қатты дамыған. Соның бәрінен өтті. Қазақстанда ақшаға сатып ала алмайтын бір-ақ нәрсе бар: ол - тәжірибе. Тәжірибесі бар, дипломат. Алматыдағы үлкен зиялы қауымның да тілін табатын шығар деп ойлаймыз", - дейді Мақсат Толықбай сұхбат барысында.
Осы тұста депутат Шымкенттегі жағдайды да айналып өтпеді. Біраз уақыт бұрын Шымкент әкімнің орынбасары Руслан Берденовке шабуыл жасалды.
"Жеке бастың мәселесі де болуы мүмкін. Екінші тараптан да ақпарат жинаттық. Ол да кәсіптің айналасында жүрген, тендердің айналасында жүрген, жағдайы жаман емес азамат. Руслан Берденов өте білікті, білімді азамат екенін білесіздер. Өзінің ұстанымы бар. Кәсіптен келген азамат, жалақыға қызығып барған адам емес. Туған жеріне қызмет еткісі келген шығар. "Шымкенттегі жемқорлықты тоқтатуға бар күш-жігерімді саламын" деп бірінші күні берген сұхбатында да жиі қайталап айтты. Мүмкін жергілікті азаматтарға жақпай қалған шығар. "Жұмыс істегің келмесе, орныңды босат" деген әңгімелер шыққаны да айтылды. Оқиғаның басы-қасында болмағаннан кейін сырттан отырып топшылау этикалық тұрғыдан дұрыс емес шығар. Сот болады, сол кезде ести жатармыз", - деді ол.
Депутат біраз уақыт бұрын осы қызмет бойынша өзіне де ұсыныс түскенін жасырмады.
"Ұсыныс жасалғаны рас. Неге Шымкент деген де сұрақ туындайды. Үш ұйықтасам түсіме кірмейтін дүние. Бірақ қазір келген әкім Ғабит Сыздықбеков - қызық персонаж. Әртүрлі әңгіме болғаны да рас. Ол жақта отыз жылдан бері қалыптасқан үлкен кландар, топтар бар. "Жастау әкім қалай болады екен, басқарып кете ала ма?" деді. Бірақ келгеннен бастап мінез көрсетті. Шымкентке жиі барамын, халықтың да пікірін тыңдаймын. Өте іскер. Талап қоя алады. Келе сала үлкен-үлкен кландармен күресті. Оны мойындау керек. Ешкім отыз жылда тісі батпайтын, кейбір азаматтардың заңсыз салынған ғимараттарына дейін бұзып тастады. Мойындатты. Қазір бәрі санасады. Екеуара әңгіме болғаны да рас. Ұсыныс келді. Мен де ойландым, басшылықпен ақылдастым. ...Екі-ақ жыл отырдық қой (депутат ретінде - еск.). Бітпей қалған жұмыс көп. "Ұсынысыңызға рақмет, алдағы уақытта көрерміз" деген сыңайда барлығын түсіндіріп айттым", - деді Мақсат Толықбай.