Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметінің мәліметінше, сапар барысында қазақстандық тарап Эстонияның мемлекеттік қызметтер саласында цифрлық кеңістік құру, медицинаның электрондық жүйелері, салық, кедендік әкімшілендіру, білім беру, көлік логистикасы, сондай-ақ технологиялық хабтарды қалыптастыру тәжірибесімен танысқан.
Эстония тарапы да болашақта қос ел арасындағы ақпарат алмасуды және байланыстарды өзектендіру үшін осындай іс-шаралардың маңыздылығына назар аударды.
Шара барысында қазақстандық «Mediana Services Limited» IT компаниясы мен Эстонияның «IN Deal OÜ» арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойғанын айта кетуіміз керек. Осылайша қазақстандық IT шешімдер тиісті деңгейде және Еуропа елдеріне экспорттауда үлкен әлеуетке ие болды.
– Қол жеткізілген құжат екі жақты ынтымақтастық жобаларды іске асыруға, біздің компанияның IT өнімдерін Эстонияға және Еуроодақ нарықтарына шығаруға, эстондық бизнес-әріптесіміздің қазақ нарығына келуіне ықпал етеді. Нақты айтсақ, Таллинн қаласында кеңсемізді ашып, екі ІТ-өнімімізді Еуропа нарығына бейімдеп экспортқа шығаруды қолға аламыз. Кәсіпорындарға арналған корпоративтік смарт IoT шешімдеріміз және білім беру саласындағы балабақшаларға арналған интерактивтік-бағдарламалық жобамыз бар. Осы екі жобамен нарыққа қадам бастап жатырмыз, – деді «Mediana Services Limited» IT команиясының жетекшісі Өмірбек Құрбанбаев.
Бұл келісім екі елдің елшіліктері мен Астана дипломатиялық клубы бірлесіп Эстонияның цифрлық тәжірибесін зерделеу шеңберінде ұйымдастырған қазақстандық делегацияның 2021 жылғы қарашадағы сапарының жемісі.