Маңғыстауда жасөспірім тізгіндеген көлік полицияның қызметтік көлігіне соғылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бейнеуде бейнебақылау камералары патрульдік көлік пен Toyota Camry көлігі жол апатына түскен сәтті түсіріп алған. Оқиға 25 қарашада болған. Жазбада жеңіл көлік өте жоғары жылдамдықпен келіп, полицияның қызметтік көлігіне соғылғаны көрінеді.
Маңғыстау облыстық Полиция департаменті мәліметінше, көлікті 17 жастағы жасөспірім тізгіндеген.
Оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ. Алайда кәмелетке толмаған баланың ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оқиғаға байланысты қызметтік тексеріс жүріп жатыр.
