Маңғыстауда адамдарды заңсыз тасыған таксист сот алдында жауап берді

Көркем Алдабергенова 27 қар. 2025 13:37

Тіркелмей, кәсіпкер мәртебесінсіз жолаушы тасымалдаған жүргізуші Ақтауда сотталды. Үкім Әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотта шығарылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Іс материалдары

Іс бойынша 9 қараша күні шамамен 16:45-та 25-шағын аудан аумағында Chevrolet Cobalt автокөлігін тізгіндеген ер адам жолаушыларды ақшаға тасымалдағаны анықталған. Тексеру кезінде оның жеке кәсіпкер ретінде тіркелмегені және такси қызметіне ресми рұқсаты жоқ екені белгілі болды.

Соттағы айғақтар

Сотта ол кінәсін мойындап, өкінетінін айтты. Тұрақты жұмысы жоқ екенін, жалдамалы пәтерде тұратынын және күнкөріс үшін тәулігіне 10 000 теңгеге көлік жалдап жұмыс істейтінін түсіндірді. Айыппұл төлеуге шамасы жоқтығын жеткізді.

Соттың шешімі

Сот құқықбұзушылықтың сипатын, қоғам мен азаматтарға зиян келмегенін, материалдық жағдайын және әрекеттің болмашылығын ескерді.

ӘҚБтК-нің 64-1-бабына (Құқықбұзушылықтың болмашылығына байланысты әкімшілік жауаптылықтан босату) сәйкес, судья оны кінәлі деп танып, бірақ жауаптылықтан босатып, ауызша ескерту жасаумен шектелді. Әкімшілік іс жүргізу тоқтатылды.

Сот қаулысы әлі заңды күшіне енген жоқ.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар