Үкімет басшысы «Талдықорған-Өскемен» тасжолының 685-880 шақырымдарында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарын көріп қайтты.
Барлығы 195 шақырым болатын осы жол учаскесінің құрылысына 71 млрд. теңге бөлінген. Бұған дейін мұндағы жолдар ІІІ дәрежелі болса, ендігі уақытта ол екінші дәрежелі жолға айналды және 15 жол айырығымен қосылады.
Сондай-ақ жол сапасын сақтау үшін тасжолдың су ағатын және сазды жерлеріне 200-ден астам су ағатын құбырлар орнатылды. Қазіргі күні құрылыс басында 316 жұмысшы істеп жүр, 142 техника жұмылдырылған.
Биыл көлік жолының 880-1073 шақырымдарындағы жұмыстар басталып, 98 шақырым трассаға асфальт төселеді деп жоспарланған. Асфальт төселетін жолдың жалпы қалыңдығы 80 сантиметр болады.
Сапарының соңында Премьер-Министр келесі жылы жол құрылысын толық аяқтап, транзиттік дәлізбен көліктердің қатынауын қамтамасыз етуді тапсырды және жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапасына оң бағасын берді.