Қаржылық мониторинг агенттігі шамамен 140 мың азаматты медициналық ұйымдарға жалған тіркеу және көрсетілмеген медициналық қызметтер туралы жалған мәлімет енгізу арқылы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан заңсыз қаржы алу схемаларын анықтады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Осы деректер бойынша 36 қылмыстық іс тергеліп жатыр. Алдын ала есеп бойынша мемлекетке келтірілген шығын 3,5 млрд теңгеден асады.
Мәселен, Түркістан облысында Жетісай көпсалалы аудандық ауруханасының лауазымды тұлғаларына қатысты тергеу жүргізіліп жатыр. Тергеу мәліметіне сәйкес міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында бөлінген қаражат іс жүзінде ешқандай қызмет көрсетпеген әрі тауар жеткізбеген 20-дан аса жеке кәсіпкердің есепшоттарына аударылған.
Кәсіпкерлер медициналық мекемемен ешқандай шарт жасаспаған. Ал олардың дерегі ақшаны заңсыз шығарып, кейін қолма-қол ақшаға айналдыру үшін пайдаланылған. Мемлекетке келтірілген шығын 501 млн теңгеден асты. Екі күдікті қамауға алынды.
Астанада Forte Clinic ЖШС жеке клиникасының басшысы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан заңсыз қаржы алу схемасын ұйымдастырғаны үшін 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал оның сыбайласы - Денсаулық сақтауды дамытудың ұлттық ғылыми орталығының қызметкері азаматтарды тіркеуге қатысты өтінімдерді заңсыз мақұлдағаны үшін 3 жылға сотталды. Қылмыстық схема нәтижесінде клиникаға 15 мыңнан аса азамат заңсыз тіркелген. Сонымен қатар, Damu Med ақпараттық жүйесі арқылы 79 млн теңгенің жалған медициналық қызметі рәсімделген.
Алматы облысында Mydental.kz ЖШС мен Стоматология Dr. Nurzhanova ЖШС клиникаларының басшысы стоматологиялық қызмет көрсету кезінде алаяқтық жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, 4 жылға бас бостандығынан айырылды.
Шын мәнінде пациенттерге ешқандай қызмет көрсетілмеген. Ал құжаттарды рәсімдеу үшін дәрігерлердің жазбалары мен кәмелетке толмаған пациенттердің жеке дерегі пайдаланылған. Нәтижесінде жалған медициналық қызмет көрсетудің 4,5 мыңнан аса дерегі анықталып, мемлекетке 66 млн теңге шығын келген.