Дәл қазіргі қалпында ұйымның өзіне жүктелген миссияны арқалап жүрерлік қауқары жоқ. Dalanews.kz 26 жыл бұрын құрылған құрылымға жаңа міндет, жаңа функция жүктеу керегін айтқан Ертісбаевтың мақаласын ел назарына ұсынғанды жөн көрді.
Ассамблея құрып, алашапқын болудың қажеті бар ма еді?
– Әлбетте, – дейді Ертісбаев. Енді ғана емегендік алған уақта елден үдере көшкендер көп болды. Алғашқы жылдары екі миллионға тарта адам алыс-жақынға ауып кетті. Оларды ешкім мәжбүрлемеді. Өз қалауымен көшті. Орыстар атажұртына қоныс аударды. Ол жақта да ұзақ аялдаған жоқ. Америка, Еуропа, Австралия сияқты дамыған елдерден тұрақ тапты.
Ертісбаев КСРО құлағанға дейін де ұлтаралық алауыздық асқынып, арнасынан асып-төгілуге шақ тұрған дейді. Бодаудан босаған елдерде ұлтшылдық өріс беріп, шовинистік сарындағы ұрандар кірме ұлттарға бағытталуы әбден мүмкін еді деген пікірде. Мұның соңы азаматтық соғысқа ұласса, тәуелсіздікпен қош айтыса беруге де болар еді деп болжайды.
Қазақстан халқы Ассамблеясын құру әлгіндей сценарийдің алдын-алу. Назарбаевтың идеясы аумалы-төкпелі ситуацияны ескеріп қабылданған, саяси-логикалық мәні бар шешім.
...
Оның айтуынша 90-шы жылдардың елең-алаңында “Тәуелсіздік ұзаққа созылмайды. Қазақстан тарап тынады” деген сәуегейлер тұс-тұстан тап берген.
“Себебі, қазақтың өз жеріндегі үлесі тым төмен еді. 40 пайызға жетеқабыл болдық па, болмадық па?.. Сол кездің өзінде солтүстік өңірлердің проблемасы алдымыздан кес-кестеп шықты. Казактардың ұйымдары кәріне мініп, елдің батысындағы ахуал күрделене түсті. Жұрттың жартысы аш-жалаңаш. Жоқшылық. Тапшылық. Таршылық.
Несін жасырайын, Назарбаев тығырыққа тірелді. Ол тұста 50-ге енді толған-тұғын. Өмірінің 20 жылын Компартияға сарп еткен ол мұндаймен бетпе-бет келем деп ойлаған жоқ. Қызыл империяның шаңырағы бір-ақ күнде ортасына түсті. Президент осы жағдайдан сабақ алды. КСРО-ның соңынан Қазақстан да құзға құлағанды қаламады. Осындай күрделі кезеңде Ассамблеяны құру туралы шешім қабылданды”, – дейді ол.
Ресейді сынақ күтіп тұр
Айтуынша бұдан біздің ел ұтылған жоқ. Ұлтаралық қатынастағы көптеген конфликтінің алдын алдық. Керісінше Путин кеш қимылдаған. Ресей президентінің дәл біздегідей аналогты құрғаны кеше ғана.
Ертісбаев Кремль тым кеш қимылдады деп есептейді. Ұлтаралық қатынаста Ресейдің сыналатын шағы енді келді.
“Башқұрстан, Татарстан, Солтүстік Қапқаз бойынша шешілмеген мәселе шаш етектен. Путиннің тақта қалуын қаламай, қарсы шыққан, автономияны талап етіп, ашуға мінген чукчалар мен эвендердің наразылығы күшейе түспесе, саябырсымайды. Ресейде антикремльдік көңіл-күй белең алып тұр”, – дейді Ертісбаев.
...
Әйтсе де Ассамблея көнерді. Дәл қазіргі формасы бүгінгі саяси-әлеуметтік беталысқа сай емес. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Ассамблеяға жүктелген миссия бүгінгі күні актуалдығынан айырылған.
Айталық ендігіде “Қазақстанда 130 ұлттың өкілдері тұрады” деп дабыралай берудің қажеті жоқ. Ертістаев ол кезеңнен өттік есептейді. Оның пайымдауынша әлгіндей ұран осыдай 10-12 жыл бұрын өзекті болған.
Бұл да Назарбаевтың идеясы еді. Осы арқылы ол елдегі саны жағынан 20 мыңға да жетпейтін аз ұлттардың бойын тіктеп, еңсесін көтерген. Қазақ пен орыстан кем көрмей, қолынан жетелеп, қатарға қосқан.
Саясаттаншуы Назарбаевтың саясаты жемісін берді деп санайды. Әйтсе де Назарбаев идеологиясы әркез сәтті болды деуге келмейді. Ертісбаев президенттің бірқатар бастамасы аз ұлттар тарапынан қолдау тапқанмен, қазақтілді аудиторияның қарсылығына ұшырағанын айтады.
Соның бірі - қазақстандық ұлт идеясы.
“Қазақтілді қауым бұған басыбүтін қарсы шықты. “Бұл елде бір ғана ұлт бар. Ол қазақ ұлты. Өзгесі диаспора” десті. Назарбаевты тыңдағысы, түсінгісі келмеді. Тұңғыш президент батысеуропалық, америкалық үлгідегі елдің іргесін қалағасы келген-тін”, – дейді ол.
Ертісбаевтің пікірінше бұл идея келмеске кеткен жоқ. Күндердің күні бұл тақырыпқа қайтып ораламыз.
Махмаханов жерге кіре жаздады
Ассамблеяны сөз еткен экс-елші осыдан 15 жыл бұрын Алматы облысының Маловодный ауылында болған оқиғаларды еске алыпты.
“Сол жылы қазақтар мен шешендер жаға жыртысып, атышулы Махмахановтар әулеті ағайынды үш ұлынан айырылды. Бірақ бұған дейін солардың қолынан қазақ жігіті қаза тапты. Ақыр соңы ұрыс-керіс, атыс-шабысқа ұласты. Шын мәнінде даудың төркіні ұлтаралық араздық емес, шаруашылық жерге таластан туындаған-тұғын. Бұған бір шенеунік араласып, қазақтар мен шешендердің қақтығысына себепкер болды”, – дейді ол.
2009 жылы Варшавдағы ОБСЕ семинарына қатысқан Ертісбаев әлгі шарада ағайынды Махмахановтың біреуін кезіктіріп қалған. Жанында тағы екі шешен жігіті бұл бұл топ осы отырыста Маловодныйдағы оқиғаларды баяндайтын деректі фильмді жиналған жұрттың назарына ұсынуды жоспарлаған екен. Экс-елші мұның алдын алыпты.
“Әлгі фильмді ОБСЕ мүшелеріне көрсету үшін сайланып келген екен. Әзірлеген дүниесі дүдәмалдау, бір жақты. Қазақты қаралаудан ғана тұрады екен. "Қазақ ұлтшылдары шешен ұлтын қырып-жоюмен айналысып жатыр" деген сыңайдағы жала мен жалған ақпараттан тұратын материал болып шықты. Фильмді сүзіп шыққасын, қаным басыма шапты.
“Әй, бұларың қалай? Қазақ пен шешеннің арасындағы ұзақ жылғы достыққа сына қақпақ ойларың бар ма? Сонау сұрапыл жылдары бөтенсімей, бауырына басып, бір үзім нанын бөліп берген қазақ халқына айтқан алғыстарың осы ма?”, – деп зіркілдеп қоя бердім. Әлгі арада жерге кірердей болды, қатты қызарды. Фильмді көрсетуден бас тартты”, – дейді экс-елші.
...
Ертісбаев Ассамблеяның құзіретін кеңейтуге қарсы. Қазақтілді қауым, соның ішінде саяси сауатты аудитория бұл ұсынысты қабылдамайды. Қандай да бір құрылымның Ата заңнан аттап, елдің саяси бағдарын анықтауына жол бермеу қажет.
“Ассамблеяға жаңа міндет, жаңа функция жүктеу керек дегенім, ілгерідегі дүниені меңземейді. Бұл ұйымды жалаң ұран емес, ұлттық саясат, халық, этнос тақырыбындағы сауатты, салмақты ғылыми-зерттеу жүргізетін құрылымға айналдырар кез келді.
Ассамблеяны пропаганда құралы ретінде пайдалануды доғару керек. Қазір мұның пайдасы шамалы. Дәуірі өтті. Халық мұндайға алданбайды. Ұраншыл, урашыл, дабырашыл дүниеден жұрт әбден мезі болған.
Ендігіде дәл бұлай ұпай жинай алмайды. Жұмысын ғылыми-зерттеу бағытына бұрсын, қолынан келмесе ұйымды тарату керек”, – дейді экс - елші.
Әзірлеген, Думан БЫҚАЙ
Тағы Оқыңыз:
https://dalanews.kz/bilim/81248-qvzuu-de-biologiialyq-belsendi-qospal