Малайзияда 1 маусымнан бастап 16 жасқа толмаған балалар үшін әлеуметтік желілерді пайдалануға шектеу енгізілді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жаңа ережелер ірі платформаларға, соның ішінде Facebook, Instagram, TikTok және YouTube желілеріне қатысты. Енді платформалар жаңа қолданушылардың жасын мемлекеттік деректер базасы арқылы тексеруге міндетті.
Талаптарды орындамаған компанияларға 10 млн ринггитке дейін айыппұл салынуы мүмкін. Бұл шамамен 1,2 млрд теңгеге тең.
Малайзия билігі интернеттегі қауіпті контенттің көбеюінен кейін платформаларды қатаңырақ реттеуге көшкен. Жаңа шектеулер нәсілдік немесе діни алауыздықты қоздырады деп танылған контентке, сондай-ақ монархияны сынайтын материалдарға да қатысты.
Осылайша Малайзия жасөспірімдердің интернеттегі қауіпсіздігін күшейту және онлайн-контентті бақылауды арттыруға бағытталған жаңа саясат енгізіп отыр.