Макс Боқаев пен Талғат Аян террористер тізіміне енген

Dalanews 08 ақп. 2017 04:16 798



Атырауда "Жер мәселесіне" қатысты митинг өткізгені үшін сотталған белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аян терроризм мен экстремизмді қаржыландыратын тізімге енгізілген. Ал қазір олардың қай түрмеде отырғаны белгісіз.





Терроризм мен экстремизмді қаржыландыратын ұйымдар мен адамдардың тізімі Қазақстанның қаржы министрлігінің қаржылық бақылау сайтында жарияланған. Ол тізімге елде экстремизм мен терроризм бойынша сотталған адамдар енген.

Азаматтық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аян 2016 жылдың 24 сәуірінде Атырауда биліктің жер реформасына қатысты заңына қарсы шығып, жаппай өткен митингке қатысқан. Олар сол үшін "араздық туғызды", "жалған ақпарат таратты" және "митинг өткізу тәртібін бұзды" деген айыптармен бес жылға бас бостандықтарынан айырылған. Өткен айда Атыраудың апелляциялық соты оларға қатысты сот шешімін күшінде қалдырды.

Макс Боқаев пен Талғат Аянның қай түрмеде отырғаны белгісіз. Макс Боқаевтың туыстарының айтуынша, оны батыстан оңтүстік арқылы Петропавловскідегі ЕС-164/3 абақтысына жібермек.

Халықаралық адам құқықтарын қорғайтын Human Rights Watch ұйымы Макс Боқаев пен Талғат Аянға қатысты шыққан сот шешімін айыптады. Еуропалық одақ оларды босатуды талап етті. БҰҰ сарапшылары Боқаев пен Аянды соттауында саяси астар бар деді.



Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар