Мәжіліс 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджетті қабылдады

Кәмшат Тілеухан 30 қаз. 2024 14:27 2652

Мәжіліс 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджетін қабылдады. Ол қарау үшін Сенатқа жолданды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ол Мемлекет басшысының тапсырмалары,еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму болжамы және 2025-2027 жылдарғы бюджет өлшемдері негізінде әзірленген Бюджет кодексіне сүйене отырып жасақталды. 

"2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын әзірлеу кезінде әлемдік экономиканың тұрақты қалыпты өсу қарқынын, инфляцияға ықпал етуші тәуекелдердің төмендеуін, қаржы және тауар нарықтарындағы тұрақтылықты болжайтын базалық сценарий негізге алынды. Алдағы орта мерзімді кезеңдегі ЖІӨ-нің орташа жылдық өсу қарқыны 5,4%-ды құрайды. Номинальды ЖІӨ 2025 жылы 150,8 триллион теңгеден 2029 жылы 234,2 триллион теңгеге дейін өседі деп болжанады.Базалық сценарийде мұнай бағасының бір баррелі 75 доллар деңгейінде белгіленген. Жылдық инфляцияның мақсатты ауытқу дәлізі 2025 жылы 5,5-7,5 пайыз, 2026 жылы 5-6 пайыз аралығында қалыптасатыны, ал 2027-2029 жылдары ол 5 пайызға дейін төмендейтіні көрсетілген", — деді депутат Еркін Әбіл.

 

Кіріс 2025 жылы – 15,6 трлн теңге, 2026 жылы – 16,7 трлн теңге, 2027 жылы – 18,2 трлн теңге болады деп болжанып жатыр. Шығындар сәйкесінше 25,8 трлн, 23,2 трлн және 24,6 трлн теңге болмақ. Бұл ретте Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферттердің көлемі жылына 2 триллион теңгені құрайды.

"Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2025-2027 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферттердің көлемі жыл сайын 2 трлн теңгені құрайды. 2025 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 3,2 трлн теңге көлемінде нысаналы трансферт тарту жоспарлануда", — дейді депутат. 

Бюджет жобасы мемлекеттiң барлық әлеуметтiк мiндеттемесінiң орындалуын, соның iшiнде мемлекеттiк қызметшiлердiң жалақысын, зейнетақы мен стипендияны кезең-кезеңiмен арттыруды қамтамасыз етедi.

"Республикалық бюджет шығыстарының жалпы көлемі 2025 жылы – 25,7 триллион теңге, 2026 жылы – 23,1 триллион теңге, 2027 жылы – 24,5 триллион теңге деңгейінде болады деп жоспарланып отыр. Шығыстардың жалпы сомасы - 72,5 триллион теңге. 2025 жылға арналған бюджет тапшылығы 4,1 триллион теңгені, 2026 жылы 3,7 триллион теңгені, 2027 жылы 3,6 триллион теңгені құрайды", — дейді Мәжіліс депутаты Еркін Әбіл. 

Мәжілісте заң жобасын қарау барысында депутаттар өңірлерді дамыту мәселелерін шешу үшін бюджет шығыстарын ұлғайту бойынша мынандай түзетулерді енгізуді ұсынды:

  • "Ауыл – Ел бесігі" бағдарламасын іске асыруға - 15 млрд теңге;
  • сумен жабдықтау және су бұру мәселелерін шешуге - 14,7 млрд теңге;
  • 25 млрд теңгеден астамы басқа да инфрақұрылымдық жобаларға сұралды.

Республикалық бюджет шығыстарының 68 пайыздан астамы Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарында, ұлттық жобаларда, тұжырымдамаларда, даму жоспарларында және басқа да құжаттарда белгіленген стратегиялық мақсаттары мен нысаналы индикаторларын іске асыруға бағытталған.

Заң жобалары жөніндегі жұмыс топтарының жетекшісі Еркін Әбіл өзінің қосымша баяндамасында бюджет жобасында, тұтастай алғанда, экономиканың тұрақты өсімі (орта есеппен жылына 5,4%-ға) болжанып отырғанын атап өтті. Оның ішінде, өңдеу өнеркәсібі (5,8%), құрылыс (9,3%), ақпарат және байланыс (9,5%) өсу қарқыны бар жекелеген салалар да бар.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар