Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты үш жылға салықтан босатылуы ықтимал. Бүгін Мәжіліс депутаттары осыған қатысты заң жобасын мақұлдап, Сенаттың қарауына жолдады. Егер жоғарғы палата қолдаса, кәсіпорынға мемлекет бөлген субсидияға қатысты салық жүктемесі алынып тасталады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршиннің айтуынша, қазіргі заңнама бойынша коммуналдық кәсіпорын алған субсидияның 20 пайызы табыс салығы ретінде қайтадан мемлекетке қайтарылуы тиіс. Өткен жылы МАЭК республикалық бюджеттен 5 млрд теңге алған, соның 1 млрд теңгесін салық ретінде өтеуі қажет болған.
«Мемлекет өз кәсіпорнына қаржылай қолдау көрсетеді, бірақ оның 20 пайызын салық арқылы қайта алады. Сондықтан бөлінген қаражат толық көлемде қарыздарды өтеуге немесе өндірістік кешендерді жаңартуға жұмсалуы үшін бұл салық түрін алып тастау ұсынылып отыр. Себебі бұл – мемлекеттік мекеме, мемлекеттік ақша. Қаражат тиімді пайдаланылуы тиіс», – деді Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин.
МАЭК-тегі инфрақұрылым мәселесі бүгінгі таңда өте күрделі. Кей жабдықтардың әбден ескіргені айтылып келеді. Депутат келтірген дерекке сәйкес, турбиналардың 95 пайызының, ал қазандықтардың 85 пайызының қызмет мерзімі өткен. Сол себепті кәсіпорын толық қуатта жұмыс істей алмай отыр. Бұған қоса, мекеменің тек «ҚазТрансГазАймақ» алдындағы берешегі 20 млрд теңгеге жеткен.
Айта кетерлігі, заң жобасында қарастырылған жеңілдіктер тек МАЭК-ке ғана қатысты, өзге кәсіпорындарға мұндай мүмкіндік берілмейді.
«Бұл жерде мәселе тарифке байланысты емес. Басты мақсат — МАЭК-тің қордаланған қарыздарын жабу. Тариф мәселесін Энергетика министрлігі өз тәртібіне сай есептейді. Бірақ қазіргі тарифтен кәсіпорын пайда көріп отырған жоқ», – деді Еділ Жаңбыршин.
