Расында да соңғы жылдары Мәдениет министрлігі той өткізетін агенттікке ұқсап кеткені жасырын емес. Кезінде мәдениет саласын Арыстанбек Мұхамедияұлы басқарған тұста көптеген мерекелер пайда болып, той-думаннан көз ашпай қалдық емес пе? Енді осының бәрін тоқтату керек.
Бүгінде мереке кезінде елімізде медаль мен атақтарды алудан үлкен жарыс өтіп жатқандай әсерде қаласың.
Несін айтасыз, Назарбаев билігі елдің назарын басқа жаққа бұру үшін жасанды мерекелер мен медальдерді ойлап тауып, жұрттың миын атала қылғанын жасырып қайтеміз.
Дәл осы кезеңде облыс пен ауданның «Құрметті азаматы» деген атақтар тойда жыртыс таратылғандай берілетін әдет қалыптасты. Туған жеріне қайырымы жоқ, талай адам «Құрметті азаматы» болу үшін әке-көкесін араға салып, қолындағы барын «мәселе шешкіш» көкелерге ойланбастан ұстата салатын күйге түсті.
Осындай көк тиындық құны жоқ атақтар халықтың мінез-құлқын бұзып, атақты алу мен беру қып-қызыл саудаға айналғанын білеміз.
Атақ пен медаль алу жемқорлықтың тамырын тереңге жаюына ықпал еткеніне куә болдық.
Егер «Ертегілер елінен» Мыстан кемпір ғайыптан тайып, Қазақстанға келіп, сұлулық байқауына қатысып, «Қазақстан аруы» атанып жатса ешкім таңқалмас еді. Солай, айғайын! Осы деңгейге дейін құлдырағанымызға көз жұма қарауымыз ұят.
Әйтеуір еліміздің Жоғарғы аудит палатасының қызметкерлері бірінші болып ес жиыпты. Олар ҚР Мәдениет және спорт министрлігі атақ пен медальдерге жұмсалатын шығынын қысқартуды талап етіп отыр. Дұрыс бастама деп есептейміз. Министрлік медальдер мен мақтау қағаздарына және иыққа жабатын шапандарға жыл сайын 42,2 млн теңге шығындауды жөн санапты.
Парламенттен осыға ақша сұрай келген министрлік өкілдері өздерінің 2023-2025 жылдарға арналған бюджетінде медаль, диплом мен кубоктар әзірлеуге мемлекет қазынасынан 126,5 млн теңге алуды көздеген ғой.
Бірақ Жоғара аудит палатасының өкілдері мұншама медальдер мен кубоктарды алатын мәденеит қызметкерлері мен спортшылардың жоқ екенін алға тартып, тоқтау салғандай болыпты.
Күні кеше ғана Мәдениет және спорт министрі болып тағайындалған Асхат Оралов ойлануы керек. Мәдениет министрлігін атақ пен медаль тарататын органға айналдырмауы керек.