Қаржы министрі Мәди Тәкиев БАҚ өкілдерінің мемлекеттік қарыз туралы қойған сұрағына жауап берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
“Қазіргі таңда мемлекеттік қарыз 30,5 трлн теңгені құрады. Бұл — жалпы ішкі өнімнің 22,6 пайызы”, — деді министр.
Айтуынша, бекітілген лимит бойынша мемлекеттің қарызы ЖІӨ-ге шаққанда 32 пайыздан аспауы қажет.
“Бұл тұрғыда біз лимиттен асқан жоқпыз”, - деп нақтылады ол.
Еске салайық, Buzyq telegram-арнасы Қазақстанның қаржы ахуалын зерттеп, елде қанша ақша бар екенін және әлемге қанша қарыз екенін анықтаған болатын. Зерттеуге Ұлттық банктің мамандары Мұрат Еркінәлиев пен Забира Камалдинова атсалысқан.
Дереккөз мәліметінше, Ұлттық қордағы ең жоғары сома 2014 жылы тіркелген. Ол кезде $77,2 млрд жинақталған екен.
“2024 жылдың қарашасындағы жағдай бойынша Ұлттық қорда $60,7 млрд сақталған. Бұл – кейінгі ұрпаққа қалатын мұра. Соңғы 10 жылда Ұлттық қордағы қаржы $16,5 млрд-қа азайған. Биыл Ұлттық қордан бюджет қажеттіліктеріне ₸5,6 трлн ($11,2 млрд) бөлінгенімен, қайтарылған қаржы айтарлықтай аз. Бұл мәселе депутаттар талқылауына түскен. Дегенмен Қазақстанға қарыз елдер де бар”, — дейді дереккөз.
Мемлекеттік қарыздың қазіргі жағдайы
Қазақстанның сыртқы мемлекеттік қарызы $12,9 млрд-қа жеткен.
“Мемлекеттік қарыз сыртқы және ішкі болып екіге бөлінеді. Ішкі қарыз – мемлекеттің қазақстандықтарға берешегі. Ал сыртқы қарыз – шетелдік несие берушілер алдындағы міндеттемелері. Қазіргі сыртқы мемлекеттік қарыз көлемі – $12,9 млрд. Қазақстан қарыздың басым бөлігін Ұлыбритания, Люксембург, Ресей және халықаралық ұйымдардан алған. Алайда басқа мемлекеттер де бізге қарыз. Әрі олардың қарызы біздің қарызымыздан әлдеқайда көп”, — дейді олар.
Айтуларынша, Қазақстанның сыртқы активтері кем дегенде $98,5 млрд-қа тең. Бұл елдің халықаралық қаржылық міндеттемелерін өтей алатынын көрсетеді.
“Ал енді жалпы сыртқы қарызға келсек, оның көлемі – $166,6 млрд. Бірақ мұнда мемлекеттік қарыздан бөлек, банктердің, жеке компаниялардың және басқа ұйымдардың қарыздары кіреді”, — деді олар.