"Мыңдаған ер адам әйелдерге арналған тексерістен өткен": медицинадағы абсурд әшкереленді

Сағыныш Сардарова 17 қаң. 2026 12:25

Қазақстанда медициналық ұйымдарды қаржыландыру жүйесіне жүргізілген тексеріс барысында елеулі заңбұзушылықтар әшкереленді. Бұл туралы қаржы министрі Мәди Такиев мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қаржы министрлігінің мәліметінше, науқастардың жынысына сәйкес келмейтін медициналық скринингтер жүргізілген. Мұндай заңбұзушылықтардың жалпы сомасы 1,8 млрд теңгеге жеткен.

Сондай-ақ, тексеріс кезінде жекеменшік клиникалардың бірінде дәрігер бір күнде 1 442 науқасты қабылдағаны көрсетілген. Ал бір тәуліктегі орташа норма 24 адамнан аспауға тиіс.

Бұдан бөлек, тексеріс нәтижесінде қайтыс болғаны тіркелген адамдарға медициналық қызмет көрсетілген 3,6 мыңнан аса дерек анықталған.

Жарияланған видеода қаржы министрі кейбір медициналық ұйымдар бюджеттен төлем көлемін арттыру үшін қайтыс болған азаматтарға "ем жүргізгенін" рәсімдеп, балаларға бір күнде жүздеген, тіпті мыңдаған дәрі-дәрмек тағайындағанын атап өтті.

Премьер-министр Олжас Бектенов тексеріс материалдарын құқық қорғау органдарына жолдауды тапсырды. Сонымен қатар, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын салалық ведомстволардың қарауынан шығарып, Қаржы министрлігінің құзырына беру жөнінде тапсырма берілді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove