Freedom Inside '26

Лукашенко Зеленскийден кешірім сұрады

Лукашенко Зеленскийден кешірім сұрады
ашық дереккөз

Беларусь президенті Александр Лукашенко Украина басшысы Владимир Зеленскийге қатысты бұрын айтқан сын пікірлері үшін кешірім сұрауға дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Al Arabiya телеарнасына берген сұхбатында Лукашенко егер оның сөздері Зеленскийдің көңіліне тиген болса, кешірім сұрауға қарсы емес екенін жеткізді. Оның айтуынша, соғыс жағдайында жүрген мемлекет басшысына қатысты мұндай сипаттағы мәлімдеме жасамағаны дұрыс болар еді. Сонымен қатар, Беларусь басшысы украиналық тарап та Минсктің ұстанымын түсінуге тиіс деп есептейтінін айтты.

Сұхбат барысында Лукашенко Беларусьтің Украинамен әскери қақтығысқа баруға мүдделі емес екенін де атап өтті. Оның пікірінше, соғыс жағдайында ел аумағындағы стратегиялық маңызы бар өндірістік кәсіпорындар, көлік-логистикалық тораптар мен инфрақұрылым нысандары негізгі нысанаға айналуы мүмкін.

Беларусь президенті сондай-ақ украиналық әскерилер республика аумағындағы бірнеше жүздеген нысанды ықтимал соққы объектісі ретінде белгілегені туралы ақпарат бар екенін мәлімдеді.

Айта кетейік, бұған дейін, 31 мамыр күні Лукашенко Украина тарапының Беларусьтегі 500 нысанаға қатысты мәлімдемесіне жауап беріп, Владимир Зеленский туралы өткір пікір білдірген болатын. Сол кезде ол Украина президентінің әрекеттерін сынап, оның жағдайына қатысты мысқылмен пікір айтып, "бірдеңе шегіп немесе ине салдырып алған болуы мүмкін" деп айтқан еді.