Ұлыбританиядағы техникалық ақауға байланысты Алматы – Лондон бағыты бойынша ұшқан Air Astana әуе компаниясының рейсі Германияның Франкфурт қаласындағы әуежайға бағытталды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Әуе компаниясының мәліметінше, ұшақ бортында 138 жолаушы болған. Рейстің ұшуы алдын ала келесі күннің таңына, UTC уақыты бойынша сағат 11:30-ға (Астана уақытымен 16:00) шегерілді.
Air Astana хабарлауынша, жолаушылардың 67-сінде жарамды Шенген визасы жоқ. Осыған байланысты олар Франкфурт әуежайының транзиттік аймағында қалуға міндетті. Күту уақытында барлық жолаушыға тамақ пен сусын алуға арналған ваучерлер таратылған.
BBC мәліметінше, ақау Ұлыбританияның Nats компаниясының жүйесінде тіркелген. Бұл компания әуе диспетчерлеріне арналған ұшу жоспарлары мен өзге де жедел ақпараттарды өңдеумен айналысады.
Техникалық іркіліс салдарынан мыңға жуық рейс тоқтатылған. Сонымен қатар Лондондағы Хитроу әуежайына бағыт алған 13 рейс Ұлыбритания мен Еуропаның басқа әуежайларына жіберілген. Осындай қиындықтар туралы Шотландия мен Ирландияның әуе айлақтары да хабарлаған.