Лемешов: «Жамалдай әншілер аз, Одақта екеу ғана, бірі – Людмила Зыкина»

Dalanews 28 сәу. 2022 05:57 1576

Жамал Омарова 110 жыл


 

Аты аңызға айналған әнші Жамал Омарова биыл 110 жылдық мерейтойын тойлаудамыз. Ешкімге ұқсамайтын, қайталанбас ғажап дауыстың иесі Жамал Омарованың бір әннің өзінен тұтас бір театрдың қойылымы іспеттес болады десек артық айтқандық болмас еді.  Тума дарын, хас өнер иелерінің шеберлігін тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Осы ретте Жамал апаның өнеріне тәнті болған, көзін көрген Қазақ ұлттық аграрлық университетінің профессоры, техника ғылымдарының докторы Абай Әбдірахманұлы Тұрсыновпен сұхбаттасудың сәті түскен еді. Енді соған назар аударсаңыздар.

 

– Абай Әбдірахманұлы, ең әуелі сіздің Жамал апаға қандай жақындығыңыз бар, әңгімені осыдан бастасақ...

– Туысы болып келемін. Қазан төңкерісіне дейін Тәшкен уәлаятына қарасты елді-мекендерде қазақтар басым болған. Үлкен бабамыз Қалжан кезінде Тәшкенді билеген айтулы тұлға. Қалжанның ұлы Қожамқұл би Қауыншыда (қазіргі Янгиюл) кенеп өсіру шаруашылығымен айналысып, заманында өңірге кеңінен танымал болған кісі.

Қожамқұл бидің тұңғышы Жамал апатайымның әкесі Омар атамыз Берлинде оқып, қаржы саласында қызмет атқарған өз дәуірінің бетке ұстар азаматы болды. Елге оралып, орыс-австрия-түземдік акционерлік компаниясын құрып, мақта, май зауыттарын ашқан кәсіпкер. Кезінде Алашорда мүшелерімен тығыз байланыста болған. Сондай-ақ, Тәшкенде көптеген оқу орындарының ашылуына атсалысып, онда қазақ жастарының білім алуына барынша ықпал еткен белсенділердің бірі.

Кеңес өкіметі орнағаннан кейін қудалаудан көз ашпаған Омар атамыз 1937 жылдары ұсталып, Сiбiрде қайтыс болды. Менің әкем де бай-құлақтардың тұқымы деген желеумен қудаланып, бас сауғалап Тәжікстанға өтіп кетеді. Мен Тәжікстанда дүниеге келіппін.

– Жамал апаны ең алғаш көрген есіңіз де ме?

– Жамал апатайымды жастайымнан жақсы білемін. Апатайымды ешкім Жамал деп тіке өз атымен атамаған. Үлкен де, кiшi де «Жәке» деп құрметтейтін. Кішкентай кезімде біздің жаққа гастрольдік сапармен келді. Апатайымды қарсы алуға бүкіл туыстардың ерекше дайындық жасап, қарбалас сәттерді бастан өткергені еміс-еміс есімде. Өте көпшіл, бауырмал, ешкімді жатсынбайтын, мінезге бай, ерекше жаратылған жан еді ғой, Жамал апатайымыз.

– Әкесі, туыстары қудаланған Кеңес өкіметіндегі қиын-қыстау күндері Жамал апа қалай өз фамилиясын сақтап қалған?

– Тәшкендегі ауыл шаруашылығы техникумында оқып жүргенде өнерімен аты шығады. Сол кездерi елге жиi келетiн Құрманбек Жандарбеков Жамал апатайыма «Алматыға кел» деп кеңес береді.

30-жылдары бауырлары мен анасын алып Алматыға көшіп келеді. Филармонияға жұмысқа орналасады. Бірден «Жамал Омарова!» боп танылғасын фамилиясы өзгертпей, өз әкесінің атында қалып қойған. Әйтпесе інісі Тұрсынбек нағашы аталарының атында.

Бұрынғы Калинин көшесінің бойында төрт бөлмелі пәтері болды. Арнайы сәлем беруге келетіндерден бөлек, жеке мәселелеріне қатысты жәрдемдесуін сұранып келетіндер көп болушы еді.  Әйтеуір апатайымның үйінен кісі бір үзілмейтін-ді.

Апатайым жаны жайсаң, қолы ашық, мінезі жарқын, танитынның да, танымайтынның да шаруасын реттеуден қашпай, қолынан келгенше көмектесетін, кісілігі зор, ғажап жан еді.

Апатайымның арқасында туыстардың балаларының бәрі Алматыда оқыды. Біздің отбасын да көшіріп алды. Ата-анам жеке баспанаға қол жеткізгенше апатайымның үйінде тұрдық. Мен үлкен ұлы Қазбекпен түйдей құрдас едім, бір үйдің баласындай болып ержеттік.

 – Сіздің жоғары оқу орнын Мәскеуде бітіруіңізге ықпал еткен де Жамал апa болар?

– Мектепті өте жақсы, медальға бітірдім де Мәскеуге оқуға түстім. Кейін қызметті Ленинградта, одан Сібірде жалғастырып, Жамал апатайымның тағы бір баласы Шәмілдің шақыруымен елге кейінірек келдім.

Сол соғыстан кейінгі жылдары Мәскеуде оқып жүргенде жаспын ғой, айналама аты дүрілдеп тұрған «Жамал Омарованың туысымын» деп мақтанады екенмін. Жамал апатайым мақтануға тұратын есім ғой. Міне, туғанына биыл 110 жыл, әлі бір Омаровадай әнші дүниеге келген жоқ. Жамал ападай жан күнде өмірге келе бермейді, ол – жүздеген, мыңдаған жылдарда Жаратушы иеміздің мейірімі иіп тартар сыйы халыққа. Шәмшінің айтқаны бар ғой «Айқайлағанның бәрі әнші емес, ән жазғанның бәрі Шәмші емес» деп, сол тура айтылған сөз.

Жамал Омарованың туысы ретінде маған да аса бір құрметпен қарағандары рас. Бірде бұл әңгіме ректорымызға да жеткен болу керек. Деканаттан «Жамал Омарованың туысы болсаң, онда КСРО Халық артисі Иван Яковлевич Лемешовті студенттермен кездесуге шақырып келуге барасың» деген тапсырма берді. Оның алдында әйгілі әншіні қанша шақырғанымен уақыты тығыздығына байланысты келе алмағанға ұқсайды. Келістім.

Қасыма екі сұлуды, яки институттың белсенді қос студентін қосып берді. Түрлі жеміс-жидек, шөлмегi бар, басқа да сый-сияпат салынған көлемі қомақты кәрзіңкені әзер көтеріп, Лемешовке келдік. «Қалай қабылдар екен?» деп іштей қобалжыдым.

Есікті ашқаннан «О, Жамалдың туысы! Сәлем!» деп құшақ жая қарсы алды. Атағы жер жарған әйгілі әнші апатайымның хал-жағдайын сұрап бәйек болды да қалды. «Жамалдай әншілер аз, Одақта екеу ғана, бірі Людмила Зыкина. Енді бірі – Жамал Омарова» дегенде қуанғаннан төбем көкке елі жетпегендей күй кештім.

Жамал апаның майданда ән салғанын айтып қалдыңыз...

– Соғыс бастала салысымен апатайым арнайы жасақталған концерттік бригадамен қан майданға аттанған ғой. Соғыс жүріп жатқан алдыңғы шепте машинаның үстінде тұрып, шырқағанда, жанына жақын жерлерге мина түсіп жатқанда да орнынан қозғалмай, әнін жалғастыра береді екен. «Ешнәрседен қорықпайтын, өте батыл жан Жамал!» деп Иван Яковлевич апатайымның өзі куә болған ерлігін тамсана айтумен болды. «Керемет! Ондай өлімнен қорықпайтын, оқтан үрікпейтін жанды кездестірген емеспін. Бірде немістің бір взвод солдаттары концерт өтіп жатқан алаңқайға дейін жақындапты. Жаралы солдаттар қарсы тұрды. Атыс-шабыс басталды да кетті. Артистердің бәрі бас сауғалап, қуыс-қуысқа жасырындық. Машинаның кузовында ән салып тұрған Жамал ғана орнынан қозғалған жоқ. Жалғастыра берді, өйткені оның дауысы репродуктор арқылы майдандағы солдаттарға жетіп жатыр емес пе, ән үзілсе «қаңғыған оқтың құрбаны болды ма?» деп олардың да еңсесі түсуі ықтимал ғой. Елге барғанда менен дұғай-дұғай сәлем айтыңыз» деді Лемешов қоштасарда.

– Студенттермен кездесуге шақыруларыңызды қалай қабылдады, уақыт тығыздығын алға тартқан жоқ пa?

– Кездесуге келді. Өзінің репертуарындағы ең сүйікті әні «Евгений Онегин» операсынан Онегиннің ариясын орындады. Сол студенттермен кездесуде де Жамал апатайым жайында жақсы естеліктер айтты. Сөзінің соңында «Сіздермен кездесуге ректор шақырғанға емес, өзім аса құрметтейтін Жамал Омарованың атынан туысы шақырған соң келдім» деді.

– Қазақ өнері тарихымен тамырлас Жамал апаның ғұмыры қызықты оқиғаларға толы ғой. Кезінде өзіне қатты әсер еткен сәттерді айтқан да болар? Есіңізде қалғаны болса айтасаңыз?

– Апатайым мақтанбайтын. Соғыс аяқталысымен Мәскеудегі Жеңіс парадына қатысады. Кремльдегі Жеңіс салтанаты құрметіне жайылған дастарқанға арнайы шақырылады. Арнайы шақырылған соң қазақстандық делегация құрамындағылар «не істеу керек, өздерін қалай ұстаулары тиіс» бәрін алдын ала ойластырып, аса жауапты жиынға тас-түйін дайындықпен барыпты.

Салтанатты отырыста орындалуға тиіс іс-шаралардың жоспарын жасайды. Сол күндерді ерекше бір шабытпен еске алатын еді апатайым. «Георгиев залына жиналған елдің ең бетке ұстарлары Сталиннің шығар сәтін асыға күтуде. Бір кезде Сталин де келді. Құттықтау сөзін сөйлеп, шампан құйылған бокалын көтере бергенде Вано Мураделидің әйгілі «Застольная» әнін шырқай жөнелдім» дейтін. «Выпьем за Родину, выпьем за Сталина» деген қайырмасына келгенде бүкіл зал қосылып кетеді. Риза болған Сталин үзілісте қасына шақырып, «егер көмек керек бола қалса тікелей өзіме айт, қысылма» деп қасындағы көмекшісіне табыстайды. Сол жолы мың бұралған биші Шара Жандарбекова Рокоссовскиймен билеп, қазақтың қос қызы шынайы өнерімен көпшілікті тамсандырса керек.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар