31 мамырдан бастап Алматыдан Варшаваға тікелей әуе рейсі ашылады

31 мамырдан бастап Алматыдан Варшаваға тікелей әуе рейсі ашылады
Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматы халықаралық туристік әрі іскерлік хаб ретіндегі мәртебесін нығайтуды жалғастырып келеді. 2026 жылғы 31 мамырдан бастап мегаполис тұрғындары мен қонақтары Польша астанасы — Варшава қаласына тікелей ұша алады. Алматы – Варшава бағыты бойынша жаңа рейсті Польшаның ұлттық әуе тасымалдаушысы LOT Polish Airlines іске қосады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Әуе рейстері заманауи Boeing 737 MAX ұшақтарымен аптасына төрт рет орындалады.

Жаңа бағыттың ашылуына орай 1 маусым күні Алматыға польшалық туроператорлар мен тревел-блогерлерден құралған делегация келеді. Қонақтар үшін қаламен танысуға арналған мазмұнды бағдарлама әзірленген. Бағдарлама аясында олар Алматының басты көрікті жерлерін, заманауи туристік инфрақұрылымын, гастрономиялық орындарын аралап, Іле Алатауындағы демалыс аймақтарына барады.

Сонымен қатар Польша туристік индустриясының өкілдері алматылық туроператорлар және бизнес қауымдастық өкілдерімен кездесіп, бірлескен жобалар мен өзара ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылайды.