Ақмола облысында көкпар кезінде аттан құлаған жасөспірім көз жұмды

Ақмола облысында көкпар кезінде аттан құлаған жасөспірім көз жұмды
ашық дереккөз

Ақмола облысында көкпар ойыны кезінде аттан құлаған 14 жастағы жасөспірім қаза тапты, деп хабарлайды dalanews.kz "Almaty.tv"-ға сілтеме жасап.

Қайғылы оқиға Рахымжан Қошқарбаев ауылында болған. Жергілікті тұрғындардың ұйымдастыруымен өткен көкпар барысында жасөспірім аттан құлап, ауыр жарақат алған. Ол ауруханаға бара жатқан жолда көз жұмған.

Жергілікті әкімдік өкілдерінің мәліметінше, аталған жарыс ресми түрде келісілмеген және оны ауыл тұрғындары өз бастамаларымен ұйымдастырған. Ал облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы бұл шараның мемлекеттік спорт ұйымдарына қатысы жоқ екенін хабарлады.

Сондай-ақ марқұм мен басқа да қатысушылардың ешқайсысы ресми спорт секцияларында тіркелмегені айтылды. Ойын жаттығу жиыны аясында өткен жеке бастама ретінде ұйымдастырылған.

Қазіргі уақытта марқұмның отбасына қажетті көмек көрсетілуде. Кәмелетке толмаған баланың өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу басталды.

Полиция қызметкерлері оқиғаның барлық мән-жайын анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Тергеу барысында жаттығуды ұйымдастырушылар мен қатысушылардың қауіпсіздігіне жауапты тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға берілетін болады.