Қызылорда облысында 32 жастағы әйел үшем дүниеге әкелді

Қызылорда облысында 32 жастағы әйел үшем дүниеге әкелді
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі

Қызылорда облыстық перинаталдық орталығында 2026 жылдың алғашқы үшемі өмірге келді, деп хабарлайды dalanews.kz.

27 наурыз күні жүктіліктің 32 аптасында дүниеге келген сәбилерге Хадия, Дария және Жәния есімдері берілді. Нәрестелердің салмақтары бастапқыда 1210, 1470 және 980 грамм болған.

Шала туған үшемдер екі ай бойы ана мен бала орталығының жоғары тәуелділіктегі нәрестелерге арналған арнайы бөлімшесінде дәрігерлердің тұрақты бақылауында ем қабылдады. Заманауи медициналық көмек пен мамандардың білікті жұмысының нәтижесінде сәбилердің жағдайы тұрақталып, салмақтары едәуір артты. Қазіргі таңда олардың салмақтары 2390, 3390 және 2060 граммға жеткен.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің басшысы Айгүл Асылбекқызы арнайы барып, жас ата-ананы құттықтап, басқарма атынан сыйлықтар табыс етті.

Үшемдердің анасы – 32 жастағы Бекбаулы Мөлдір, әкесі – 34 жастағы Берікбол Нұрсұлтан. Сырдария ауданына қарасты Басарық ауылының Баймановтар әулеті бұған дейін де екі баланы тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасы.