NASA Айда тұрақты база салу жобасын бастады

NASA Айда тұрақты база салу жобасын бастады
pixabay.com

NASA 2030 жылдары Айда астронавтардың ұзақ уақыт өмір сүруіне арналған тұрақты база құруды жоспарлап отыр. Бұл туралы АҚШ-тың ғарыш агенттігі мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Жаңартылған жоспарға сәйкес, 2029 жылдан бастап Айдағы базаның тұрақты инфрақұрылымын, соның ішінде энергиямен қамтамасыз ету жүйелерін құру басталады. Ал 2028 жылы Artemis бағдарламасы аясында екі астронавт Ай бетіне қонады деп күтілуде. Осы уақытқа дейін қажетті техника мен жабдықтардың бір бөлігі арнайы қону модульдері арқылы Айға жеткізіледі.

Сондай-ақ 2027 жылы Artemis III пилоттық миссиясын жүзеге асыру жоспарланған. Оның барысында Жер орбитасында ғарыш кемесінің қону модульдерімен түйісу процесі сыналады.

NASA мәліметінше, агенттік Ай базасына арналған қону модульдерін, луноходтар мен дрондарды әзірлеу үшін америкалық төрт компаниямен жүздеген миллион долларлық келісімшарт жасаған.

Миллиардер Джефф Безосқа тиесілі Blue Origin компаниясы Айдың оңтүстік полюсіне жақын аймаққа луноходтарды жеткізетін екі қону модулін ұсынады. Ал луноходтарды Astrolab және Lunar Outpost компаниялары жасайды.

Бұдан бөлек, былтыр Ай бетіне өз аппаратын сәтті қондырған Firefly Aerospace компаниясы алғашқы дрондарды Айға жеткізумен айналысады.

NASA өкілдерінің айтуынша, бұл жобалар болашақта Айды игеру мен ғарыштық зерттеулерді жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.