"Lay’s зауытын салу қажет шығар, дегенмен..." - сарапшы Тоқаевтың АҚШ сапары туралы

Сағыныш Сардарова 23 қыр. 2025 13:41

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 21-23 қыркүйек күндері Нью-Йорк қаласына жұмыс сапарымен барды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ-тағы іс-сапарында негізгі акцент корпорациялармен келіссөздерге түсті.

Бұл жобалар  Қазақстан үшін ұзақ мерзімде қаншалық тиімді болмақ? Ірі корпорациялар Қазақстанды әлі де "шикізат пен арзан еңбек көзі" ретінде көре ме, әлде бізді тең серіктес деп қабылдайтын уақыт жетті ме? Dalanews.kz осы және өзге де сауалдар төңірегінде сарапшылармен тілдесті.

АҚШ сапары: Тоқаев кімдермен кездесті, қандай келісімдер жасалды?

21 қыркүйек, Нью-Йорк

21 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нью-Йоркке жұмыс сапары басталды. Алдымен Мемлекет басшысы Cameco корпорациясының президенті Тим Гитцельді қабылдады. 

Ақорданың мәліметінше, жүздесуде уран өндіру саласындағы ынтымақтастық перспективасы талқыланған. Бұл тегін емес. Себебі Қазақстан АЭС құрылысына баса назар аударып отыр.

Одан соң Президент Goldman Sachs Global Institute компаниясының жаһандық мәселелер бойынша президенті Джаред Коэнмен кездесу өткізді. 

Мемлекет басшысының айтуынша, толық цифрлық мемлекетке айналуды көздейтін Қазақстан жасанды интеллект, қаржы экожүйесін цифрландыру салаларындағы ынтымақтастыққа қызығушылық танытады.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев Educational Testing Service (ETS) компаниясының президенті және бас атқарушы директоры Амит Севакты қабылдады. 

Президенттің айтуынша, Қазақстан білім беру жүйесінде компанияның тәжірибесін зерделеу мен пайдалануға қызығушылық танытады.

22 қыркүйек, Нью-Йорк

Маңызды кездесулер 22 қыркүйекте жалғасты. Мемлекет басшысы PepsiCo қоры директорлар кеңесінің төрағасы Стивен Кихоны қабылдады. 

Кездесуде PepsiCo компаниясының Қазақстандағы инвестициялық жобасын жүзеге асыру барысы қарастырылған. Әйгілі бренд Алматы облысында снэктер шығаратын зауыт құрылысына кірісті. Инвестиция көлемі – 368 миллион доллар.

PepsiCo қоры директорлар кеңесінің төрағасы Стивен Кихо: "Келесі жылы Қазақстанда снек шығаратын ең үлкен зауыттың бірі ашылады", - деді кездесуде.

Сонымен қатар, Президент Amazon компаниясының аға вице-президенті Дэвид Запольскиді қабылдады. 

Ақорда мәліметінше, тараптар цифрландыру, байланыс және жасанды интеллект салаларындағы ынтымақтастықтың жай-жапсарын талқылаған.

"Бұл - біздің Орталық Азиядағы алғашқы ірі және ең маңызды жобамыз. Мұны мақтан тұтамыз. "Қазақтелеком" компаниясымен бірге тұрғындарды жылдамдығы жоғары және арзан интернетпен қамтамасыз етеміз", - деді Amazon компаниясының аға вице-президенті Дэвид Запольски кездесуде.

Бұдан бөлек Мемлекет басшысы Cerberus Capital Management компаниясының бас атқарушы директоры Фрэнк Бруноны қабылдады. Президент компанияның Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту аясындағы инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру ниетін құптаған.

Қасым-Жомарт Тоқаев Chevron корпорациясының басшысымен де кездесу өткізді.

Кездесуде келешекте Теңіз кенішінің аясын кеңейту жобасын іске асыру мәселелеріне, Қарашығанақта газ өндіру мен қайта өңдеу перспективасына, сондай-ақ, әлемдік нарыққа көмірсутегін тасымалдау ісін дамытуға, соның ішінде Орта дәліз арқылы жеткізуге баса мән берілген.

Мемлекет басшысы Meta компаниясының вице-президенті Янн Лекунды да қабылдады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Meta Platforms Inc компаниясымен Қазақстанда ЖИ технологияларын дамыту бойынша бірлескен акселерациялық бағдарламаны іске қосу жөніндегі келісімге қол қойылуын құптап, технология алыбымен өзара тиімді серіктестікті одан әрі нығайтуға дайын екенін растады.

Мемлекет басшысының Нью-Йорк қаласына ресми сапары аясында АҚШ Сауда министрі Говард Латниктің қатысуымен америкалық Wabtec компаниясымен жалпы сомасы 4,2 миллиард долларға жуық келісімге қол қою рәсімі өтті. Құжатта Қазақстанда техникалық тұрғыдан жетілдірілген 300 локомотив шығару және оған сервистік қызмет көрсету қарастырылған. 

Дональд Трамп Мемлекет басшысын осы тарихи келісіммен құттықтады.

АҚШ сапары басқа сапарлардан өзгерек пе? Сарапшы пікірі

Бұл сапардан Lay’s зауыты сынды жобалардан бөлек, инновациялар мен жаңа технологияларға қатысты нақты қадамдар көрініп тұр ма? Неліктен Қазақстан көбіне азық-түлік пен шикізат жобаларына ғана назар аударады? Қазақстанға жаңа мұнай өңдеу зауыты, цифрлық технологиялар, инновациялық инфрақұрылым қажет емес пе? АҚШ-пен келіссөздерде осындай стратегиялық жобалар неге бірінші кезекте тұрмайды?

Бұл сауалдардың жауабын саясаттанушы, Қытайды зерттеушілер қауымдастығының төрағасы Қазбек Майгелдиновтен сұрап көрдік.

"Кеше өткен кездесуде Президент АҚШ компанияларын Қазақстанның ауыл шаруашылығы әлеуетін іске асыруға қатысуға шақырды. Соның ішінде PepsiCo компаниясы өз тарапынан заманауи экспортқа бағытталған зауыттарды құру жоспарларын қолдады. Бұл жерде неліктен тек азық-түлік өңдеу саласына көңіл бөліп отырмыз деген мәселеге келетін болсақ, соңғы жылдары әлі де болса Қазақстанның жалпы экспортының 80 пайызынан астамы тау-кен өндірісі мен металдар болып отыр. Бұл статистикадан көріп отырғанымыз бізде әлі де болса өткен ғасырдағы сауда үлгісі сақталып отыр. Яғни шикізатқа тәуелділік. Десек те Президенттің Cameco корпорациясының президентімен уран саласындағы ынтымақтастық келешегін талқылаған болатын. Бұл жерде кем дегенде болашаққа бағытталған қадамды көріп отырмыз. Яғни атом энергетикасындағы инновациялық технологияларды тарту мәселесі", - дейді сарапшы.

Саясаттанушының сөзінше, Қазақстан қазір жасанды интеллектіні дамытуға басымдық беріп отыр. 

"Осы сала бағытында АҚШ-пен келіссөздерде жартылай өткізгіштер өндірісі, жасанды интеллект зерттеу орталықтары, қазіргі әлемдік тренд болып жатқан кванттық технологиялар, биотехнологиялар мәселесі көтерілмегені көңілге қаяу салады. Бұған дейін жолдауда жоғары технологиялар саласына 1 млрд долларға дейін инвестициялық бағдарлама жасау және цифрлық активтер қорын құру тапсырылған болатын. Бұл өте дұрыс бағыт болғанымен, іске асыру механизмдерінде осы келіссөздерді пайдаланып, америкалық компанияларды шақыру керек пе еді?!", - дейді Қазбек Майгелдинов.

АҚШ Қазақстанға 5,2 млрд долларға жуық инвестиция салған.

"Бірақ, өкінішке қарай, инвестицияның көпшілігі шикізат секторына бағытталған. Сондықтан қазіргі таңда Қазақстанды әлемдік компаниялар тең серіктес ретінде қабылдау үшін бірнеше бағытта басымдықты талап етуіміз керек: инновациялық инфрақұрылым, ғылыми зерттеу орталықтары және интеллектуалдық қорғау жүйесі. ...Ел Президентінің АҚШ-қа сапарында белгілі салаларға басымдық берілгенімен, әлемдік экономикалық трендтер контексінде әлі де болса да жеткіліксіз болып көрінді. Өйткені ХХІ ғасырда дамыған мемлекеттер технология мен инновация негізінде дамып жатыр. Сондықтан бізге Lay’s зауытын салу, әрине, қажет шығар. Дегенмен кванттық компьютерлер, жасанды интеллект орталықтарын салу туралы да бізге көбірек ойлану керек", - деп түйіндеді саясаттанушы.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар