Лавровтың Тоқаевпен келіспей еркінсуі Росатомға бумеранг болып келуі ғажап емес

Қаракөз Амантай 16 сәу. 2025 11:58 742

Росатом басшылығы Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірімен келіспегеніне сақтықпен қарап отыр. Себебі дәл қазір тұңғыш АЭС-тің ядролық технологиясы таңдалып жатқанда, Ресейдегі ресми тұлғалардың Қазақстанға қатысты кез келген аңдамай сөйлеген сөзі таразы басын Қытай жаққа бұрып жіберуі мүмкін, деп хабарлайды Dalanews.kz DALA INSIDE телеграм арнасына сілтеме жасап.

“Әрине, Росатом Лавровқа ештеңе дей алмайды. Бірақ корпорацияның ішкі жабық жиылыстарында бұл мәселе де талқыланды”, - дейді дереккөз.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық форумдарда бірнеше рет “аумақтық тұтастық принципінің сақталмауы жаңа мемлекеттердің пайда болуына, олардың өзара қақтығыстарға ұрынуына әкеледі” деген тезисін қайталап айтып жүрді. Жақында Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров “Коммерсантъ” газетіне берген сұхбатында бұл пікірмен келіспейтінін мәлімдеді. Лавровтың сөзінше, Тоқаев үшін “тек аумақтық тұтастық құқығы ғана бар”. Бірақ БҰҰ Жарғысында көрсетілген өзге қағидаттар да ескерусіз қалмауы тиіс. Оның бастысы, халықтардың өзін-өзі анықтау құқығы.

“Екі саясаткер де дипломат болғандықтан, мұны Ақорда мен Кремль дипломатия мамандарының кәсіби жарыссөзі ретінде қалдырып, ары қарай маздатпайтын сияқты. Бірақ АЭС вендорын таңдау кезінде тек техникалық қауіпсіздік, құрылыс бағасы мен кредит пайызы ғана емес, саяси тәуекелдер де ескеріледі”, — дейді дереккөз.

Дәл осы кезде мемлекеттің аумақтық тұтастығын бұзуға халықаралық құқық нормасынан дәлел іздеп жүрген Ресей мен тұтастық мәселесіне ешқашан шек келтірмейтін Қытай арасындағы баланс соңғысына қарай ауа бастауы мүмкін. Не болса да, Росатомдағылар Лавров өз мәлімдемесін бекер жасады деген ойға келіп отырғаны анық.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар