[caption id="attachment_16292" align="alignright" width="387"] Кіші Кулагин Ә. Жақсыбековпен бірге[/caption]
Кулагиннен бөлек, Терещенко бастаған оншақты адам миллиондаған гектар жерді билеп-төстеп отырғаны жиі айтылады. Кейбір ақпарат көздері осы латифундистер шетелдіктерге жерді жалға беруге мүдделілік танытып отыр деп болжайды. Себебі, мұншама көп жерді бір өздері игерулері қиын әрі күсет пайда табу үшін шетелдіктердің техникаларын, толайым қаржыларын пайдаланулары керек. Әлемде жері ең көп адамдардың тізімін қазақстандықтар бастап тұрғанын біреу білсе, біреу білмес.
Сергей Кулагин тек жермен ғана емес, мұнай, газ, түсті металл өндірістерінде де ықпалды тұлғалардың бірі деген пікір жиі айтылады. Оның Ресейлік газ компанияларында, мұнай өңдеу зауыттарында үлесі бар екені де бірнеше мәрте жазылған. Тіпті оның ресейлік миллиардерлермен байланысы қою екендігі, Кремльдің ішкі әлеміндегі өзгерістерден уақтылы хабардар болып тұратындығы, Ресейдің министрлері мен шенеуніктері Кулагин десе ішкен асын жерге қойып, аса бір ықтияттықпен қарсы алатындығы туралы жиі естіледі. Ресей басылымдары оның өмірі мен отбасы жайлы біз білмейтін ақпаратты жиі жариялайтыны да сондықтан болса керек.
Оның ұлы Павел Сергеевич Астана қаласы Сарыарқа ауданының әкімі ретінде танымал. Ұлының да есімі бай-манап балаларының қатарында жиі аталады. Шенеуніктердің балаларынан құралған "құпия топ" - болашақ мемлекетті басқарушылардың сапында осы Сергейдің ұлы бар делінетін белгісіздеу дерек бар. Бұл "ақсүйектер әулетінің" құрамына кіру өте-мөте қиын көрінеді. Олар Ақорданың болашақ бағдарламасының іші-қарнын түгел біледі әрі халық көзіне көп көрінбейді... Астана қаласының әкімі Жақсыбековтің те ұлы осы топта - мемлекеттік жоспар-жоба түзуші, бағыт-бағдарының бәрін білуші жастар сапында делінеді. Кім білген?..
Осыған дейін Сергей туралы талай алып-қашпа әңгіме тараған. Оның бір кездері Қостанай облысының әкімі болған кезде шіркеулерге өз суреттерін салдырғаны, оның елімізде ғана емес, шетелде де түрлі әңгімеге себеп болғаны күні кеше сияқты еді. Сол кезде Сергейдің күні батты дегендер де кезіккен. Керісінше, ол сатылап өсіп, бірнеше биік мансапты атқарып үлгерді.
[caption id="attachment_16293" align="alignright" width="680"] Сергей Кулагин[/caption]
Кулагинді орнынан алып тастау керектігі жөнінде таалй мәрте қазақ баспасөзі шулағанымен, Ақорда ешқандай шешім қабылдаған жоқ. Әсіресе, оны Солтүстік облыстарға әкім ету қауіпті екенін бір кездері қайта-қайта ескерткендер де болды. Өйткені, Солтүстіктегі көршімізге бір бүйрегі бұрып тұратын адам онсыз да орыстілді қауым басым облыс үшін қолайсыз деп түсіндірілгенімен, билік ешқандай әрекет қабылдаған емес.
Оның халықпен кездесулерде дөрекі сөйлейтінібірнеше мәрте баспасөзді шулатқан. Өткен жылы 29 тамыз күні Ақмола, Қостанай және СҚО әкімдері – Сергей Кулагин, Нұралы Садуақасов және Ерік Сұлтановтардың Ақмола облысына қарасты Зеренді ауылында демалыс үйіндегі саунада көңіл көтергендерін және облыстық театр труппасын түгел және филормониядан әртістер шақырғандығы айтылып, бұл істің соңы ұзақ әңгімеге ұласқаны және бар. Содан көп өтпей Қостанай облысының сол кездегі әкімі Нұралы Садуақасов жұмысынан кетті.
Кулагин саяси ғылымдары бойынша кандидаттың диссертация қорғаған. Тақырыбының өзі біраз дүниеден хабар береді. Оқыңыз: "Кандидаттық диссертациясының тақырыбы: «Еуразияшылдық: идеясы және даму болашағы. Еуразиялықтардың мәдени-тарихи концепциясы (Ресей Батыс пен Шығыстың ортасында: өркениеттің рухани аспектілері. Кеңестіктен кейінгі кеңістіктегі еуразиялық көрініс)». Мұнан оның әуел бастан-ақ еуразияшыл әрі ресейшіл екенін аңғару қиын болмас. Оның Кремль саясаткерлерімен тонның ішкі бауындай бір идеяда болу себебінің түп төркіні осында жатса керек.
Сергей Сергей болғалы атқармаған қызметі аз. Аудан, облыс әкімдіктерінде, бірнеше министрлікте қызмет етті. Сонау 1994 жылы ҚР Премьер-министрінің орынбасары болған ол жіліктің майлы басын қолынан шығарған емес. ҚР Ауылшаруашылығы министрі болып та қызмет етті. Ақмола облысын қазір екінші рет басқарып отыр. Астықты өлке саналатын Қостанай облысының ұзақ жыл уысында ұстаған оның 80 мың емес, 800 мың гектар жері бар десе де сенуге болады.
Оны білетіндер, Ақордамен айрықша байланысы мығым әкімнің бірі дейді. Өзге әкімдер сын естіп, аттарынан ауып түсіп жатқан шақтарда Сергей көп сөз естімейтіндердің санатында. Оған Президент Назарбаевтың өзі жылы қабақ танытып, үнемі кемшілігін емес, артықшылығын көруге тырысады дейтіндер де бар. Оны өмір жолына зер салсаңыз, тек алға ілгерілеу, баю, мансаптан мансапқа секіру, әр қызметінен мақтау мен марапат алып өзге жұмысқа ауысуды байқайсыз. Оның алмаған марапаты, тақпаған ордені кемде-кем. Қазақстан үшін айрықша еңбек сіңіргендердің бастапқы тобында жүреді.
Сергейді Сергей еткен славян тектес ұлттардың мықты өкілдерінің билікке ықпалы деп те айтылады. Ассамблеяның негізгі құрылымын орыс диаспорасы жасақтайды және олардың ішінде айрықша бай әрі сөзі өтімді, Ресейдің ірі саясаткерлерімен байланысы бар адамдар көп делінеді. Кулагиннің бүгінгі мәртебеге жетуіне солар ықпал етсе, олардың ары қарайғы алаңсыз жұмысына Кулагин және оның командасы қалтқысыз жұмыс істейтіндігі де сөз болып жүр.
Иә, Кулагиннің біз білмейтін құпиясы көп. Тәуелсіз Қазақстан саясаткерлері ішінде орнынан жылжымай келе жатқан адамның бірі осы – латифундист Кулагин.