Киелі 7 санын сақтап қалу керек еді. Мусин кодты неге өзгерткенін ашып айтсын – экс-министр

Dalanews 26 қыр. 2021 15:40 923

Бұдан бұрын Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин БҰҰ жанындағы Халықаралық электр байланыс одағы Қазақстанға жаңа +997 дэф кодын белгілегенін хабарлаған.

"Енді біздің елден басқа мемлекетке қоңырау шалғанда, шетелдіктердің телефонында Қазақстан деген жазу шығады. Сондай-ақ халықаралық деңгейдегі цифрлы сервистерді қолданғанда да, барлық жерде Қазақстан деген сигнал шығады" деп жақсы ақжолтай жаңалықты елге жеткізген еді.

Иә, кезінде КСРО тарағанда, +7 халықаралық телефон коды екі елге бірдей бекітілген. Қазақстанға ғана тиесілі халықаралық кодқа қол жеткізу үшін былтырғы жылдан бері телекоммуникация саласындағы компаниялармен бірге жан-жақты жұмыс жүргізіп, келіссөздердің нәтижесінде біздің елге дербес +997 коды бекітілді.

Апта жаңалығы болған ақпаратты қызу талқыланды. Халықты елең еткізген тың жаңалыққа 2000 жылдардың бас кезінде Көлік және коммуникация министрі болған Серік Бүркітбаев өз ойын білдірді деп хабарлайды Dalanews.kz. 

"Бағдат Мусин ешқандай америка ашқан жоқ, қазіргі телефон кодына менің де тікелей қатысым бар" деп әңгімесін бастады.

"1999 жылы мен бұл мәселемен жеке айналысқан болатынмын және біз Қазақстанды +7 аймағында ұстау үшін күресіп, бізге +77 екі таңбалы телефон кодын белгіледік. Әлем бойынша әрбір телефон абонентінің жеке сәйкестендіруі коды бар. Телефон нөмірлері мұнай мен су сияқты ресурс. Және бұл ресурс жаңартылмайды. Радиожиілік пен спутниктік байланыс бірдей шектеуге ие.

Кодтағы бірінші цифр мемлекеттің атын емес, абоненттің географиялық орнын білдіреді. Мысалы Солтүстік Америкаға +1 нөмірі берілді. Яғни, Канада мен АҚШ тұрғындары осылай қолданып жүр. Еуропаға +3 және +4 коды тиесілі. Әлемнің көптеген елдері Кәрі құрылықта орналасқандықтан екі цифр берілген.

Ал +7 - Орталық Еуразияның географиялық коды, бұрынғы КСРО. Одақтың барлық республикаларында бастапқыда +7 коды болған, қазіргі уақытта тек екі ел қалды. Ресей мен Қазақстан.

Кеңес үкіметі саяси картадан бір жола келмеске кеткеннен кейін, басқа барлық бауырлас елдер, басқа кодқа ауысты. Шығарылды десем артық айтпағаным болар.

Ал біз үшін киелі 7 санында сақтап қалуға мен өзім көп күш салдым. Көрші мемлекетпен келіссөз жүргізіп, ресейлік серіктестер бізге жеңілдіктер жасауға келісті, ал біз Ресеймен бірге +7 санын сақтап қалдық", – дейді ол.

Экс министрдің айтуынша Қазақстаннан шетелге қоңырау шалғанда «Ресей» деген белгі пайда болса, бұл биліктің бейқамдығын білдіреді. Бірақ бұл кемшілікті түзету қиын шаруа емес. Тек тиісті органдар мен компанияларға бірнеше қосымша құжаттар мен өтініштер жазу арқылы оңай түзетілуі мүмкін.

Ал бірінші жетіден кейін біздің елге де екінші - «жеке» жетілік берілгендіктен, Қазақстан Республикасы +77 жеке сәйкестендіру кодына ие болған. Екінші жеті Бүркітбаевтың зор еңбегінің арқасында мүмкін болған екен. Қос жетіге қол жеткізу оңай болмапты.

"Бізде естеріңізде болса бастапқыда екіншісі 3 саны болды, яғни +73 коды. Бұл аймаққа Қазақстанмен бірге Орталық Азия, сонымен қатар Сібірдің бір бөлігі кірді. Азия республикалары өз бетінше кетті.

Біз ресейліктерге қаржы жағынан шығынға болса да 3 санын 7-ге ауыстыруға дайын екенімізді айттық. Бірақ жұмыс біз ойлағаннан қиын болды. Себебі қазіргі заманғы цифрлық мүмкіндіктер әлдеқайда аз болды және белді ұйымдармен елшіліктерге хат жолдап, бұдан былай Қазақстанның телефон коды +77 ден басталатынын бәріне хабарладық.

+77 коды әдейі таңдалды, себебі түркілер мен Қазақтар үшін "7" саны үлкен мәнге ие.


Наным, сенімнен бөлек, 7 санына қатысты үлкен жоспарларымыз болды. Мәселен мен Астана үшін үш жетіден тұратын телефон кодын жасауды іске асырғым келді. Осылайша, еліміздің астанасына қоңырау шалу үшін +77 777, содан кейін абоненттің нақты телефон нөмірін теру қажет болатын еді. Қызметімді ауыстырғаннан кейін мақсатым арман күйінде қалды", – деп өкінішін жеткізді.

Айта кетейік телефон нөмірлері - бұл көбейтуге болмайтын ресурс. Мысалы, қазір Қытайда телефон базасын ұлғайту өткір мәселеге айналды. Барлығы 15 цифрмен шектелген, оған теру коды кіреді.

Ал телефон үш саннан тұрған кезде қандай тосын сый күтіп тұр дегенге сауалға Серік Бүркітбаев былай жауап берді.

"Код саны үштен тұрғанда абоненттік базаны он есе қысқартуға тура келеді. Екі таңбалы кодты өзгерту туралы шешімнің артында не тұрғанын білмеймін. Бүгінде ұялы және спутниктік халықаралық операторлардың көпшілігі қыруар қаржы жұмсаса да, код алу мүмкіндігіне қол жеткізе алмауда. Біз 15 саннан екі емес, үшеуін алып тастадық. Ерікті түрде.

Иә, бүгінде бізде абоненттік базаны ұлғайтудың шұғыл қажеттілігі туындаған жоқ болатын. Осы шешіміміз арқылы Ресей бұдан былай +7 нөміріне жеке дара ие болып қалды. Алайда қазір біз үш таңбалы кодпен Қырғызстан, Өзбекстанмен және тағы басқа мемлекеттермен бір қатардамыз.

Министр Бағдат Мусин халыққа еліміздің телефон кодын не себепті өзгертіп жатқанын шынайы түрде айту қажет деп ойлаймын. Қазір саясаттан алыс болсам да, елдің болашағын анықтайтын үлкен шешімдер оның соңында не болатынын нақты түсіндіруді талап етеді », - деді Серік Бүркітбаев.

Қалай дегенде 3 таңбалы кодтың жеңісі мен жеңілісі алдағы уақыттың еншісінде.

https://www.youtube.com/watch?v=M0EVhmK5YPs

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар