"Күмән тудырады". Белгілі заңгер Айнұр Тұрсынбаеваның қорын мұқият тексеруді талап етті

Қаракөз Амантай 24 шіл. 2025 10:41

Белгілі заңгер әрі қоғам белсендісі Айгүл Орынбек айтыскер, коуч Айнұр Тұрсынбаеваның "Айдың Нұры" қайырымдылық қорына қатысты тергеу жүргізуді талап етті. Бұл туралы ол өзінің Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Айдың Нұрын қоры дәл Перизаттың қоры сияқты мұқият тексерілуі керек деп талап етемін! Қанды Қаңтар оқиғасының алдында халықтан аямай ақша жиналды. Кейін менің тексерсін деген сұранысымнан соң қор жабыла салды. Бұл — үлкен күдік тудырады", - деді ол.

Заңгер елімізде еш бақылаусыз жұмыс істейтін қорлардың көбейіп кеткеніне алаңдады. Оның пікірінше, кейбір шенеуніктер мен әкімдер кәсіпкерлерден заңсыз ақша жинауды дәл осындай қорлар арқылы жүзеге асырады.

"Яғни, параны айналып өтіп, қор арқылы алады. Қайырымдылықты желеу еткен жалған қорларды жабатын уақыт келді", — деді ол.

Айгүл Орынбек бұған дейін де Бас прокуратурадан "Айдың Нұры" қорын толық тексеруді талап еткен. Ол Айнұр Тұрсынбаева мен қылмыс әлемінің өкілі саналатын "Дикий Арман" арасындағы байланысқа назар аударуды сұрады. Айтуынша, кейінгі жылдары бірқатар танымал тұлға Арман Жұмагелдиевпен жақын араласып, оны "батыр" етіп көрсететіндер көбейген.

"Елдің алдында жүрген біраз жұлдыз Түркияға ағылып, тіпті оның сайлап алған символы - “қасқыр белгісін” (түрлі кереғар мағыналас) саусақпен көрсетіп, әлгі Арманмен жеке суретке түсті. Түсіп қана қойған жоқ, оны әлеуметтік желіде әспеттеп “батыр” көрсете бастады. Бұрын соңды қалың елге тек “қылмысымен” танылған ол, осылайша соңғы үш жылда халыққа дәрі-дәрмек, тамақ тарататын қайырымды жан, спортсмендерге 2000 долларлап сый беретін “супермэн герой” болып шыға келді!

Расында…Бұл “ЕРЛІКТІҢ” артында бір шикілік барын, бір “дәудің” тұрғанын БІЗ сияқты жандар түсінгенмен, қарапайым халық түсіне бермеді! Иә, Елдің алдында жүрген “подписчигі” көп танымал тұлғаларды шақырып, оларға ат шапан жауып үлде мен бүлдеге орау, қалтасына конверт салып өзімен суретке түсіп, атойлап жарнамалату - бұл сәләфиттердің әдісі екенін бірі білсе, бірі беле бермейді ғой.

Бұның бәрі арнайы дайындалған ЖОБА! Бұл - Елдің алдында жүрген танымал адамдар арқылы халықтың санасын улап, өздерін қайырымды да жанашыр көрсету арқылы билікке жетудің тың тәсілі! Иә, билікке жетудің төте әрі қитұрқы оңай жолы!

Әйтпесе, бұрын соңды халық үшін тырнағының ұшын қимылдатпаған адам, қалайша миллиондаған қаржыға жұртқа жақсылық жасай қалды? Батпан құйрыққа қайдан ғана бата қалды?

Осының бәріне күдікпен қарай отырып, қазір де халықтан ақша жинап отырған Айнұр Тұрсынбаеваның қорын Бас Прокуратура, Ұлттық Қауіпсіздік Комитеттетінен тексеруді сұраймын! Қатаң тексеруді сұраймын!

Халықтан жиналған ақша - халықтың алдында тиынына дейін есебі берілуі керек! Африкаға су құдығын кіргізіп жүрген қорымыз, елімізге “Дикий Арман” арқылы қарулы лаңкестерді кіргізбегеніне кепілдік бар ма?

Әрине жоқ! Сол себепті, бұл қор шұғыл түрде әрі жіті тексерілуі керек!», - деді ол.

Сонымен қатар заңгер қор арқылы сатып алынған медициналық құралдар, мысалы, оттегі аппараттарының қайда кеткені және қай ауруханаларға берілгені туралы да есеп берілмегенін айтты.

"Ауа жетпей жатқан халыққа “дем беремін” деген Айнұрдың өзіне биліктен үміт үзіп отырған халық болып, аппараттарға ақша аудардық. Рас қой?! Сол аппараттар елге келді ме, келсе қай ауруханаларға жіберілді соның да есебі берілген жоқ!

Елден жасыратын ештеңесі жоқ болса, істеген әрбір амалы таза болса, Айнұр ханым халықтан түскен әрбір тиынға - өзі есеп берсе де болады! Осы уақытқа дейін қорға қанша қаражат түсті, сол қаражаттар қандай бағыттарға жұмсалды….бәрі-бәрінің жауабын халық болып күтеміз!",- деп жазған еді заңгер.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар