Күдіктілерге қатысты не белгілі? – ІІМ Шерзаттың ісі бойынша қосымша деректерді бөлісті

Қаракөз Амантай 15 қаз. 2024 15:03 6800

Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Аленов марқұм Шерзатты өлтірді деп айтыпталып отырған күдіктілерге қатысты қосымша деректерді бөлісті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Айтуынша, БАҚ беттерінде жазылған “Хутор” атты қылмыстық топ Ішкі істер органдарында тіркелмеген.

“Бізде “Хутор” деген қылмыстық топ тіркеуде жоқ. Осы тұста күдіктілерге байланысты қысқаша ақпаратты бөлісіп өтейін.  Екеуі ипподромда атбегі болып жұмыс істейді, біреуі “Шымбұлақта” қара жұмысшы, тағы біреуі “Ақбұлақта” күзетші, ал қалған екеуі сұлулық салонында жұмыс істейді”, – деді министрдің орынбасары.

Айта кетейік, Алматы облысының прокуроры Берік Адамов 16 жастағы Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс бойынша тағы үш адамның ұсталғанын мәлімдеді.

Бұған дейін жеті адамның қамауға алынғаны хабарланған еді. Енді ұсталғандардың саны  артты. 

"Бұл іс бойынша 10 адам күдікті деп танылды. Тағы екеуі қылмыстық қудалау орбитасында, бірақ олар - қорғану құқығы бар куәгер", - деді Берік Адамов брифингте.

Кісі өлтіру және бұзақылық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Еске салайық, бұған дейін Талғарда 16 жастағы Шерзатты өлтірді деп айыпталып жатқан күдіктілердің суреті әлеуметтік желіде жаппай таралып кеткен еді.

QirSabyn телеграм арнасы бірнеше күдіктінің суреті мен олардың есімін жариялады. Дереккөздің мәліметінше, күдіктелер 1993, 1998 және 2000 жылғы азаматтар. Олардың екеуі бұған дейін де ұрып-соғу фактілері бойынша жауапқа тартылғаны белгілі болды.

Сот деректеріне сүйенсек, азамат А. және оның досы бұған дейін де бұзақылық әрекеттері үшін жауапқа тартылған. Өткен жылдың күзінде азамат Н. екеуі жанармай бекетінде бейтаныс жігітке шабуыл жасап, орташа дәрежедегі жарақат салған. Алайда сотта екі тарап татуласып, істі жылы жапқан.

Азамат Н. болса, қазіргі уақытта төбелес үшін шартты түрде бас бостандығынан айырылған. Оның бұған дейін адамдарға төрт мәрте шабуыл жасағаны белгілі болды. Бірақ жәбірленушілер оған белгісіз себептермен кешірім беріп, татуласуға келіскен.

Осы тұста әлемжеліде Шерзат пен оның отбасына шабуыл жасаған жігіттердің “Хутор” атты жергілікті қылмыстық топпен байланысы бар деген ақпарат желдей есуде. Топтың басшысы Хасан есімді азамат көрінеді. Көптің айтуы бойынша, ол Талғар ауданын үрейде ұстап отыр. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар