Алматыда Krisha сайты заң талаптарына сәйкес келмейтін жарнама жариялағаны үшін айыппұл төледі, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қала құрылысын бақылау басқармасы тұрғын үй құрылысы нысандарын жарнамалау кезінде заң талаптары бұзылғанын анықтаған. Ведомство мәліметінше, кейбір құрылыс компаниялары үлескерлердің қаражатын тартуға рұқсат құжаттарын алмай тұрып, тұрғын үй нысандарының жарнамасын жариялаған.
Тексеріс қорытындысы бойынша Krisha.kz және Korter.kz интернет платформаларының операторларына қатысты әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамалар толтырылған.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес құрылыс салушыда уәкілетті органның рұқсаты немесе үлескерлердің құқығын қорғауға арналған заңда көзделген өзге де тетіктер болған жағдайда ғана азаматтардың қаражатын тартуға және тұрғын үй нысандарын жарнамалауға рұқсат беріледі.
Алайда бұл платформаларда жарнамаланған кейбір нысандарда мұндай құжаттар болмаған.
Нәтижесінде "Колеса" акционерлік қоғамына, яғни Krisha.kz платформасының иесіне 1000 АЕК көлемінде, ал "Флетфай-Қазақстан" филиалына, яғни Korter.kz платформасының операторына 500 АЕК көлемінде әкімшілік айыппұл салынған.