Кремльдегі алауыздық... Путиннің айналасы бірінің етін бірі жей бастауы мүмкін

Dalanews 20 ақп. 2023 05:29 1009

Соңғы уақыттары Ресей мен Украиана арасындағы соғыс Ресейдегі саяси алауыздықты қозыдара түскендей. Орыс әскері майдан даласында ауыз толтырып айтатындай жетістікке жетпеген соң, Путиннің айналасы бірін-бірі күстаналауға көшті. Өткен жылы жаздан бастап Евгений Пригожин бастаған жендеттер Ресей қарулы күштерін өздерінің басты бәсекелесі санып, Шойгу мен Герасимовке тіл тигізіп, орыс әскерінің әрекетін іске алғысыз қылған еді. Енді жел кері соғып, қара бұлт Пригожиннің басына үйірілгендей...  

Путиннің тілін тапқан әскерилер бүгінде Пригожин мен оның жендеттерін қыспаққа алуда. Күні кеше ғана «Вагнердің» жалдамалы сарбаздары танктері мен артиллериялық гаубицияларына оқ-дәрі жетпей, қынадай қырылып жатқанын айтып, әскерилерге жалынғандай болып видоүндеу жариялағанын көрдік.

Өткен жылдың желтоқсан айында да вагнерліктер әскерилерге үндеу жасағаны есімізде.

Бірақ ол кезде олар боқтық сөзін араластырып, әскерилерге доқ көрсетіп, өздерін қажетті оқ-дәрімен қамтамасыз етуді талап еткен-ді.

Ал бұл жолы жалдамалы жендеттер жуасып қалыпты. Әңгіме ауанынан агрессия мүлде байқаламайды.

Күзде Пригожин Бас штабтың бастығы Валерий Герасимовты кекеп-мұқағаны есімізде. Бұл жолы ол Ресейдің майдан шебінде ауыз толтырып айтатындай жетістікке жетпеуіне «әскери бюрократаия» кінәлі екенін айтты.

Ресейдегі соңғы саяси ахуалдан түйгеніміз. Әскерилер мен жалдамалылар бірнеше айға созылған теке-тірестің нәтижесінде Пригожиннің жеңіліске ұшырағанын байқауға болады.


Вагнерліктер әзірше өздерінің жеңілісін толық мойындаған жоқ. Олар өздерінің сәтті соғысып жатқандарын айтып, ақталуда.

Пригожин жазда тым еркінсіп әңгіме айтқанда Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров оны қолдап, әскерилердің ауласына біраз тас лақытып, «әскерилер Путинді жерге қаратты» деген сыңайда әңгіме айтқаны есімізде.

Ал соңғы кездері Қадыровтың үні шықпай қалды. Осыдан-ақ, Ресейде Пригожин мен Қадыров тандемінің позициясы әлсірей бастағаныны анық аңғаруға болады.

Федералдік деңгейдегі дүниелерге қатысты әңгіме айтып, пікір білдіруге құмар Қадыров күні кеше «жергілікті жердегі губернаторлар ананы-мынаны әңгіме қыла бергенше, әскери операция кезінде қаза болған сарбаздардың отбасыларына көмек көрсетуге көбірек көңіл бөлуі керек» ойын ортаға салған болды. Бұрынғыдай майдан даласындағы әскерилердің қызметіне баға бермеді. Баяғы амбиция жоқ.


Жалпы, Путиннің Пригожин мен Қадыровтан іргесін аулақ салуы логикаға тұрғыдан дұрыс шешім.

Путиннің әскери операциясы сәтсіздікке ұшырай бастағанда Пригожин Ресейдегі түрмелердің есігін теуіп кіріп, қылмыскерлерді соғысқа үгіттеп, Украинаны зектермен жауалап алатындай эйфорияны бастан кешкен-ді. Бұдан басқа Қадровтың қолпаштауы, Сирияда ымы-жымы бір болған Сергей Суровикинің жауапты әскери қызметке тағайындалғаннан кейін Пригожин өзін Ресейдегі ең ықпалды адам екенін сезіндірген болатын.

Ісі күмәнді, Ресейдің өзінде мойындалмаған жеке әскери компанияның қожайыны Пригожиннің саяси аренаға көтерілуінен Путин үшін қауіпті екені анық.

Жемқорлықпен аты шыққан, түрмеде отырған Пригожиннің мемлекет ісіне араласа бастауы Ресейдің құқықтық мемлекет деген (егер солай ойлаған күннің өзінде) атаудан жұрдай болғанын айқындай түсетіні тағы бар.

Осы ретте Путин дереу есін жиып, Пригожиннен іргесін аулақ салуды жөн деп тапқандай...

Болмаса Путиннің мұндай әрекетке баруын әскерилер көндіруі бек мүмкін. Енді күн өткен сайын майдан даласында «Вагнердің» ықпалы азайып, Пригожиннің Шойгу мен Герасимовпен астыртын жүз шайсуы жалғаса түсуі мүмкін.

Ресми Кремль Пригожиннен аяқ асты ат-құйрығын кесуге дәті жетпеуі мүмкін.

Айталық, Пригожин түрмелерді аралап, зектерді соғысқа үгіттегенде оларға қомақты өтемақы мен еркіндікті уәде еткенін білеміз. Бұдан қылмыскерлер алдында Пригожиннен бөлек Путиннің де жауапкершілікті мойнына алғанын аңғаруға болады.

Егер Пригожинге Путин кеңшілік жасамаса, ол түрмелерге еркін кіріп, қылмыскерлерді соғысқа үгіттей алмас еді.

Демек қару асынып, майдан даласында қан төгіп жүрген әрбір зек Путиннің өз алдынада жауапкер екенін толықтай сезінеді. Зектеріңіз күнде Соловьев пен Симоньянның пропагандасын тыңдап жүрген ура патриоттармен әсте шатастыруға боламайды. Олар өз дегені болмаса қолындағы қаруын Кремльге кезенуі мүмкін. 


Осы жайтты ойлаған Путин қазір Пригожин бастаған жендеттердің Бахмут қаласын ұзақ уақыт бойы ала алмай жатқанын алға тартып, бар бәлені атақты аспаздың басына үйіп-төгіп, айыпты қылуда.

Алдағы уақытта Кремль «Вагнердің» белсенділігін біртіндеп төмендетуге күш салатыны анық.

Қазірдің өзінде Пригожин үшін Ресейдегі түрмелердің есігі тарс жабылып, оның ойыннан шеттету ісі басталып кетті.

Алдағы уақытта Пригожин бұған қарсы тұратын болса, жағдай ушығып, Ресейдің қауіпсіздік күштері Пригожинді оққа байлап беріп, бұл істі бір жақты етуі мүмкін.

Қалай десек те, бұл соғыс – Ресейдің билік басындағылар арасында алауыздық туғызатын жаңа кезеңге аяқ басқандай...


Бұл ретте Пригожин де бірден беріле салмайтыны анық.

Пригожиннің артында Орыс әлемінің идеологиялық жақтаушысы Александр Дугин мен біраз пропагандистердің тұрғанын да естен шығармаған абзал. Осындай жайттарды ескерсек, алдағы уақытта Кремльде алауыздық туындап, Путиннің айналасы бірінің етін бірі жей бастауы бек мүмкін.

Н.ӘУБӘКІР

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар