Кремль кіжініп жатыр. Қазақстан соғысқа қатысты тауар экспортын толық шектеді

Dalanews 20 қаз. 2023 04:47 1259

Қазақстан Ресейге соғыста қолдануға болатын 106 тауар түрін экспорттауға шектеу қойды. Бұл жөнінде 19 қазанда сенат кулуарында журналистер сұрағына жауап берген сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев айтты.

"Ресейге барлық тауарды экспортқа шығарып жатырмыз. Тек соғысқа қатысты экспорттық тауарларды шектей бастадық. Бұл — 106 алуан түрлі тауар. Олардың экспортын тұтас шектедік. Бұлар соғыста табылған тауарлар: дрон ішінде табылған заттар, арнайы электроника, чиптер" деді вице-министр.

Қайрат Төребаевтың айтуынша, шектеу қойылған тауарлар Қазақстанда өндірілмейді, бұрын ел аумағы арқылы экспортқа шығарылған.

Осыған дейін Ресейге тыйым салынған тауарларды жеткізді деп күдікке ілінген елдер арасында Қазақстан да болған.

Қыркүйек айында Украинадағы соғыста пайдаланылған ирандық "Шахед-131" дронында Батыста шығарылған 52 компонент табылғаны, оны өндірген бөлшектер Иранға Түркия, Үндістан, Қазақстан, Өзбекстан, Вьетнам және Коста-Рика сияқты үшінші елдер арқылы тасымалданғаны хабарланған.

Ізінше Қазақстан сауда министрлігі Қазақстан Иранға дрон бөлшектерін тасымалдады деген ақпаратты жоққа шығарды.


"Қандай компоненттер туралы айтылғаны түсініксіз. Тауарлар туралы толық ақпарат берілсе, Қазақстанның уәкілетті органдары талдау жүргізіп, барлық қажет ақпаратты беруге дайын" делінген министрліктің Азаттыққа жауабында.

Қазақстандық шенеуніктер бұған дейін Қазақстан аумағын Ресейге қарсы санкцияны айналып өту алаңына айналуына жол бермейміз деп мәлімдеген еді. Биыл көктемде Қазақстан билігі республика шекарасын кесіп өтетін барлық тауарды тексеруге мүмкіндік беретін онлайн-жүйені іске қосқанын хабарлаған.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар