Кредит? Халықтың қарызын Назарбаев кланынан өндіріп алу керек - депутат Бапи

Dalanews 20 қаз. 2023 09:04 2037

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи кредит мәселесіне арналған парламенттік тыңдауда халықтың қарызын экс-президент Назарбаевтың кланынан өндіріп алу мәселесін көтеріп, сұрақты төтесінен қойды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

– Бұл залда Үкімет пен прокуратура өкілдері де отыр. Үкіметтің халыққа несие алмауға қатысты жанашырлықпен кеңес бергені дұрыс, бірақ аш адам ақылды тыңдаушы ма еді? Айтыңыздаршы, қымбатшылық алқымнан алып, тұншықтырғанда кім кеңесті тыңдайды? Сондықтан халықтан қарыз өндіру тақырыбына қатысты мына мәселені көтергім келеді.

Кезінде банк секторын жақсартамыз деген желеумен Ұлттық қордан триллиондаған теңге алынғанын білеміз. Соны прокуратураның қазынаға қайтаруын талап етемін!

Үкіметке айтарым, сіздер халықтың қарызын емес, бірнеше банкті біріктіріп, қыруар сауықтыру қаржысын бір банкке жинастырып, оның барлығын сыпырып-сиырып алып кеткен назарбаевтық олигархтарға тиесілі банктердің халыққа қарызын неге іздемейсіздер?

Халықтан қарызды өндіріп алғанша, Назарбаевтың олигархтарына көмек ретінде бөлген қаржыны өндіріп алуымыз керек, – деп Бапи сұрақты төтесінен қойды.

Депутаттың пікірінше, триллиондаған теңгені қайтарсақ, онда халықтың барлық несиесін 20 есе жауып тастауға болады.


Мұнымен қоса Ермұрат Бапи активтерді өндіріп алу туралы заңның қалай орындалып жатқанын сұрап, активтерді қайтару жөніндегі комиссияның құрамында болған азаматтық қоғам өкілдерінің есімдерін атады.

«Активтерді елге қайтарамыз деп заң қабылдадық. Заң қалай орындалып жатыр? Өткенде уәкілетті органның құрылғаны хабарланды. Бірақ ол хабар мардымсыз болды. Президенттің тапсырмасымен сол активтерді қайтару комитетіне 130 адам мүше болған. Қазір 30-40 адам деген ақпарат бар. Комитетте нақты қанша адам бар? Комиссияның құрамында азаматтық қоғам өкілдерінен кімдер бар?» - деді депутат.

Бас прокурордың орынбасары Жандос Өміралиев активтерді қайтару жұмыстары ретімен жүріп жатқанын, алдағы уақытта мүлкі тәркіленген тұлғалардың тізімі жария етілетінін айтып, сендірді.

"Биыл 5 қазанда мемлекет басшысының Жарлығымен комитет құрылды. Оның штаты да бар. 900 млрд-тан аса теңгенің бәрін мемлекеттің пайдасына қайтардық. Сырттан шамамен 600 млн доллар мемлекетке аударылды. Ауқымды жұмыс әлі жүргізіліп жатыр. Оның ішінде көптеген жер қайтарылды.

Әрине, комиссияның нақты құрамы бар. Оған Парламент депутаттары және қоғамдық белсенді азаматтар кірді. Олардың аты-жөнін сізге жеке беремін. Комитеттің реестріне нақты қандай тұлғалардың кіргеніне қатысты мәселе әлі жабық. Бірақ бұл жұмыс жүргізіліп жатыр. Бірақ бүгінгі регламентті сақтау үшін сізбен жеке кездесіп, мәселе бойынша толық хабар беруге дайынмын", - деді ол.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар