Креативті индустрия жылына 2,3 трлн доллар табыс әкеледі – Алтай Көлгінов

Dalanews 21 жел. 2022 08:32 873

I Орталық Азиа медия форумының «Креативті индустрия – әлеуметтік трансформацияның элементі» панельдік сессиясында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгінов бұл бағыт қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті, – деп хабарлайды Dalanews.kz

– Бұл сала шамамен жылына 2,3 трлн доллар табысқа әкеледі. Креативті индустрияның әлемдік экспорты орта есеппен 250 млрд долларды құрайды. ЮНЕСКО болжамы бойынша креативті индустрия секторы орта мерзімді перспективада әлемдік жалпы ішкі өнімнің 10 пайызына дейін өсуі мүмкін.

Орталық Азияның креативті индустриясын дамыту үшін үлкен әлеуеті бар деп есептейміз. Соңғы жылдары өңір елдерінің Үкіметі креативті индустрияның болашағын түсіндіре отырып, оны қарқынды дамыту мәселесіне ерекше назар аударып келеді.

Мәселен Қазақстанда 2021 жылы креативті индустрияны дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді. 2020 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда жалпы ішкі өнімнің құрылуында оның үлесі 2,67 пайызды құрады, – деді ол.


Креативті индустрия Қазақстанда дамып жатыр. Әсіресе, бұл бағытқа жастарды тартуды назарға алынып отыр.

– Бұл салаға дамыған компаниялар да атсалысуда. Яғни, технологиялық және басқа да кәсіпкерліктің дамуына байланысты шаралар қабылдануда. Жаңа сала, жаңа материалдық бағыт осы саланың негізгі бағыты. Шетелге және экспортқа бағыттау бағытында да көптеген шара қолдануда. Құқықтық база қолданысқа енгізілген, – деді Алтай Көлгінов.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін Орталық Азия медиафорумының екінші күні өтіп жатыр. Оның ұйымдастырушысы – Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар