"Көзбен көремін...". Біртанов Алматыға келеді

Dalanews 05 мау. 2018 07:04 825

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов еліміздегі менингококк инфекциясына қатысты жағдайды тексеру үшін Алматыға келеді. 

«Бүгін жүргізіліп жатқан іс-шаралардың тиімділігін тексеру мақсатында Алматы және Алматы облысына баруды жоспарлап отырмын. Тексерістен кейін қабылданып жатқан шараларға өзгерістер қажет болса, енгіземін», — деді министр үкімет отырысында.
Сондай-ақ, Біртанов қандай жағдайда менингококк инфекциясы індет болып саналатынын айтты.

«Қазақстанда менингококк инфекциясының орта көп жылдық денгейі 100 мың адамға 2,1-ді құрайды. Бүгінде дерттің деңгейі 100 мың адамға 0,3-ке тең. Алматыда осы дерттің орта жылдық көрсеткіші — 4,0, ал дәл қазіргі уақытта Алматыда бұл дерттің деңгейі — 100 мың адамға 1,7-ден келеді», — деді министр ақталып.
Айта кетелік, бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев министрді сынға алып, Қазақстандағы менингококк инфекциясына қатысты толыққанды есеп беруді талап еткен.

Оның алдында ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев та елдегі менигитке қатысты жағдайға алаңдап, пікір білдірген болатын. Әлеуметтік желідегі жазбасында Тоқаев сенаторлардың денсаулық министрлігінің салғырттығын айтып, Үкіметке арнайы сауал жолдағалы жатқанын жеткізген.
«Менингит инфекциясының таралуы көнуге болмайтын жағдай. Осы профильдегі министрлік кешірілмейтін жайбасарлық пен батылсыздық танытып отыр», —

деп жазған еді Тоқаев Twitter желісіндегі парақшасында.
Ал қазір БАҚ Қаскелеңдегі жұқпалы аурулар ауруханасының мүшкіл халін суреттейтін суреттерді жаппай жариялап жатыр. Министр Алматыға сапарын тап осы ауруханадан бастаса игі болар еді, негізі.

Мұның алдында денсаулық сақтау министрі менингококк инфекциясына байланысты карантин жарияланбайтынын айтқан еді.

«Менингококк инфекциясын жұқтырғандар мен қайтыс болғандардың санын жасырмаймыз. Қазір карантин жариялаудың қажеті жоқ. (…) Қазақстандықтардан дәрігерлер айтқан кеңестерді тыңдауларын сұраймыз», — деген еді Біртанов. Сондай-ақ, осыған дейін министр Қазақстанда 2018 жылдың басынан бері менингококк инфекциясынан 12 адамның қайтыс болғанын мәлімдеген еді.

Дереккөз: Tengrinews.kz

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар