“Костенко” шахтасындағы апат: 10 күдіктінің аты-жөні белгілі болды

Қаракөз Амантай 01 қар. 2024 12:38 4321

2023 жылдың 27 қазанында “Костенко” шахтасында апат болып, салдарынан 46 адам қаза тапты. Күні кеше қайғылы оқиғаға айыпталып отырған күдіктілердің аты-жөні белгілі болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қадағалаушы орган олардың аты-жөні мен қандай қызмет атқарғандарын және не үшін айыпталып отырғандарын толық баяндады.

1. С. И. Мустивко (шахта директоры, тау-кен қазбаларын апатсыз күйде ұстауды, шахта қызметкерлерінің өнеркәсіптік және өртке қарсы қауіпсіздік ережелерін сақтауын, жабдықтарды уақытылы жөндеуді қамтамасыз етуге және көмір өндіру технологиясының сақталуын бақылауға міндетті);

2. Н.Н. Грознов (шахтаның бас инженері, өндірісті инженерлік қамтамасыз етуді бақылауға, шахтаның газ бойынша санатын, шаңның жарылғыштығын, кенет газ шығарындылары бойынша қабаттардың қауіптілігін анықтауға, өнеркәсіп қауіпсіздігінің жай-күйін тексеруге міндетті);

3. В.А. Еремин (шахта директорының өндіріс жөніндегі орынбасары, технологиялық процестерге тұрақты бақылау жүргізуге, шахта жабдықтарының қауіпсіз және сенімді жұмысын қамтамасыз етуге, қауіпсіздік ережелері мен технологиялардың бұзылуын жоюды ұйымдастыруға, өнеркәсіптік қауіпсіздік пен еңбекті қорғаудың жай-күйін тексеруге міндетті);

4. Д.Ю.Федоренко (бас инженердің қауіпсіздік техникасы жөніндегі орынбасары, шахтадағы қауіпсіздік техникасы бойынша жұмысты ұйымдастыруға және бақылауға, өнеркәсіптік қауіпсіздік жағдайын тексеруге, шахтадағы жол берілмейтін және қауіпті тәуекелдерді анықтауға, желдету учаскесінің жұмысына жетекшілік етуге міндетті);

5. В.В. Шишканов (желдету және қауіпсіздік техникасы учаскесінің бастығы, шахтада желдету мен газ режимінің сенімділігін қамтамасыз етуге, желдету, газсыздандыру, газ сору, көмір шаңымен күресу, көмір шаңының жарылыстарының алдын алу және оқшаулау жөніндегі іс-шараларды әзірлеуге міндетті);

6. Ю.Пестряков (желдету және қауіпсіздік техникасы учаскесінің шаң жарылысынан қорғау жөніндегі бастығының көмекшісі, көмір шаңынан және шаң жарылысынан қорғау жөніндегі іс-шаралардың уақтылы жүргізілуін қамтамасыз етуге міндетті);

7. В.П. Коптенков (апат басталған №6 учаскенің бастығы, желдету, шаң-газ режимі, өрт сөндіру құралдары, адамдарды құтқару жағдайын қолдауға, шаңға, кенеттен шығарындыларға және жерасты өртіне қарсы іс-шаралардың толық орындалуын қамтамасыз етуге міндетті);

8. Т.Х. Габдушев (конвейерлік көлік учаскесінің бастығы, учаскедегі шаң-жарылыстан қорғау іс-шараларын, көмір шаңын тазалауды, ылғалдандыруды қамтамасыз етуге міндетті);

9. В.В. Гонноченко (бас инженердің үңгілеу жөніндегі орынбасары, қыркүйекте бас инженердің міндетін атқарды, өндірісті инженерлік қамтамасыз етуді бақылауға, газ бойынша шахтаның санатын, шаңның жарылғыштығын, кенет шығарындылар бойынша қабаттардың қауіптілігін анықтауға, өнеркәсіптік қауіпсіздік жағдайын тексеруге міндетті);

10. Д.С. Коцар ешқайда кетпеу туралы қолхат арқылы қамауға алынбаған. Ол шахтаның бас механигі тергеу қорытындысы бойынша күдікті ретінде танылған, кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған, ол шахта жабдықтарында тау-кен жұмыстарын қауіпсіз жүргізу жөніндегі өз міндеттері мен бақылауын тиісінше орындамаған деген күдікке ілінген.

Айта кетейік, күні кеше Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев Сенат кулуарында Костенко шахтасындағы қайғылы оқиғаға байланысты тергеу әлі аяқталмағанын мәлімдеді.

"Бұл оқиға – біз үшін аса ауыр трагедия. 46 кенші қайтыс болды. Қазіргі уақытта шамамен 10 адам тергелуде. "АрселорМитталға" қатысты да тергеу жүріп жатыр, бірақ нақты қандай кезеңде тұрғанын айта алмаймын", - деді ол.

Еске салайық, 2023 жылдың 28 қазанында Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада метан газы жарылды. Қаза болған кеншілерге байланысты 29 қазан Қазақстанда жалпы ұлттық аза тұту күні деп жарияланды.

Жарылыс кезінде шахтада 252 адам болған. Олардың 206-сы жер бетіне шыға алды, ал қалғандары қаза тапты.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар