Көші-қон Заңы туралы кезекті талқы өтті

Dalanews 28 мам. 2015 23:19 883






Бүгін Мәжілістің «Халықтың көші-қоны» туралы Заң жобасын талқылауға арналған жетінші отырысы болып өтті.

«Көші-қоны» заңы дегенімізбен, осы бір заңға байланысты бірнеше Заңды түгел өзгертуге, толықтыруға тура келеді екен. Уақыттың біраз созылып бара жатқаны соған байланысты болып отыр. Бұл жөнінен «неге тез бола қоймайды?!» деп, кіналау орынсыз. Әбден талқылап, кемелді етіп қабылдаған, әрине, қандастарымызға дұрыс болмақ. Дегенмен, көбі бітіп, азы қалды. Үкіметтен шешіліп, жасалып келген өзгерістер баяғыда мақұлданып болды. Ендігі қаралып, талқыға түсіп жатқан мәселе – біздің тарапымыздан ұсынылған ұсыныстар. Бүгін соның бір қатары отырыстың әңгіме арқауына айналды.

Атап айтар болсам, ол – мына ұсыныстар:

Бірінші қаралған, аты шулы ЕКІ АНЫҚТАМАҒА байланысты 49-баптың 2) және 9) тармақтары.

Депутат Алдан Смайыл 9) тармақшада көрсетілген «ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталғандығы болған не болмағандығын» анықтуды Ішкі істер органдарының өздерінің құзыретіне қалдыруды ұсынды.

Депутат Гүлнәр Сейітмағамбетова мен Бақытбек Смағұл 2) тармақшаны «этникалық қазақтарды қоспағанда, сотталғанға дейiн тұрақты тұрғылықты жерi Қазақстан Республикасынан тыс болған, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған;» деп, «9) тармақшадағы «ауыр немесе» деген сөздер «этникалық қазақтарды қоспағанда, ауыр немесе» деген сөздермен ауыстырылсын» деп өзгерту туралы ұсыныстарын ортаға қойды.

Негізі, біз «сотталғанға дейiн тұрақты тұрғылықты жерi Қазақстан Республикасынан тыс болған, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған;» деген 2) тармақшаны біржола алып тастауды, 9) тармақшада көрсетілген «ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталғандығы болған;» (не болмағанын) анықтуды Ішкі істер органдарының өздерінің құзыретіне беруді ұсынғамыз.

Заңгер Мақсат Нұрыпбай осы екі тармақшаның да алдына  «этникалық қазақтарды қоспағанда»деген сөзді қосуды құп көрген болатын.

Аталмыш Заңның 14-бабында Ұлттық қауіпсіздік органының құзыреті көрсетілген. Сонда «3-1) көшіп келушілердің Қазақстан Республикасында уақытша және тұрақты тұруына рұқсат беруді келіседі;» деп жазылған.

Бүгін мен осы тармаққа сілтеме жасай отырып, «ҰҚК-нің дәлелді шешімдері болған жағдайда ғана сол этникалық қазақтарды тұрақты тіркеуге тұру құқығынан айыратын тармақ енгізілсін» деген ойымды айттым. Қалған қазақтарға тосқауыл қоймай, тұрақты тіркеуге ала беру керек дедім.

Бір қызығы, ІІМ Көші-қон полициясы департаментінің өкілдері осы ұсыныстардың бәріне қарсы болды.ЕКІ АНЫҚТАМАНЫ Қытай жағының  бермейтінін, соған байланысты неше мыңдаған қандастарымыздың тұрақты тіркеуге тұра алмай отырғанын, көптеген отбасылардың кері көшкелі жатқанын біле тұрып, өзгеріс енгізуге құлықсыз. Не өздері тиімді жоба ұсынбайды. Сұрадық, тәуелсіздік жылдарынан бері елімізден қанша миллион өзге ұлт өкілдері өз отандарына көшіп кетті, солардың бір де біреуі соттылығы туралы анықтама сұрамапты. Тек, Ресей ғана анда-санда сұрайтын көрінеді. Оның өзінде жеке адамдар емес, құзырлы орындары. Ал, бізде неге сұралуы тиіс?  Жауап жоқ! Әбден мезі болған Халық қалаулылары ашуға басты. Келесі отырысқа дейін оңтайлы жоба жасап келуді тапсырды және отырысқа осы салаға жауаты Ішкі істер вице-министрдің өзін шақыратын болды.

Екінші кезекте Оқу мақсатында келетін этникалық қазақтарға кезексіз виза беру (Н.Сәбильиянов арқылы ұсынылған); Шетелден келіп Жоғары оқу орындарына оқуға түскен ұлты қазақ студенттердің жатақханада тұрақты тіркеуге тұрып, азаматтық алуы (Гүлнәр Сейітмағамбетова арқылы ұсынылған); Қазақстан Республикасының азаматтарының бөлінген отбасын біріктіру мақсатында шетелдегі туыстарын өз кепілдіктері арқылы шақыру негіздемесін (Көші-қон шақыртуын) заңмен бекіту; Оралмандардың ұрақты тіркеуге тұруда Қазақстан Республикасы аумағындағы кез-келген медициналық  орталықтан справка алуы сынды ұсыныстар  кезек-кезегімен талқыға салынды.

Мұның бәрі бұрынғы Заңда болған, қандастарымыз кезінде игілігін көрген жеңілдіктер еді. Неге екені, кім алып тастағыны белгісіз, қазір жоқ. Оның үстіне, бұлар қандастарымыз үшін өте керек.

Қараңыз, Оралмандар Тұрақты тіркеуге тұру, азаматтық алу үшін міндетті түрде медициналық тексеруден өтеді. Бірақ шалғай аудандардың кейбіреуінде оларды тексерістен өткізетін  медициналық құрал жоқ. Мысалы, Ақмола облысының Қорғалжын ауданына солай. Уақытша тіркелген оралман отбасы мүшелері түгелімен  медициналық тексеруден өту үшін Астананы басып өтіп, сонау Көкшетауға баруына тура келеді. Неге Көкшетаудан гөрі іргесіне жақын орналасқан Астананың  медициналық орталықтарынан бұл құжатты ала салуына болмасқа?!!

...

Айтпақшы, Алдан аға Смайыл отырыс басталғалы ұсынып келе жатқан тағы бір аса керек ұсыныс талқыланды бүгін. Ол – «Этникалық қазақтардың табиғи апаттың, экономикалық дағдарыстың және этникалық қақтығыстың салдарынан болатын мәжбүрлік көші-қоны».

Құдай ұрғанда, бұл ұсынысқа да ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі тіс-тырнағымен қарсы боп келеді. Бүгінде сөйтті. Қазақ тілінен мақұрым вице-министр Дәулет Арғындықов  екі қолын төбесіне қойып бетпақтырмады. Жүз жасағыр Алдан аға Ресейдің шеттегі қандастары туралы осындай ҮШ бірдей заңының бар екенін алға тарта отырып, ешкімнен шөп сұрамайтын, түбі бір керек болып қалуы бек мүмкін бұл ұсынысын өзі барын салып дәлелдеді және қорғады. Қызық болғанда, өз қандастарымыз қарсы болған бұл ұсынысты бірінші болып Киколенко Ольга Андреевнаапайдың жан-тәнімен қолдағанын айтсаңшы! «Бұл жағынан Ресей бізге үлгі» деді ол. Шетелдегі қандастарымыздың Тәуелсіз Қазақстаннан басқа барар жері, басар тауы жоқ екенін, жалғыз сүйеніші, іздеушісі осы Қазақ Елі екенін Ольга Андреевна қапысыз түсініп отыр. Жылағым келді. Рахмет айттымОльга апайға!

olga

Кезегімен сөз алған аға-әпкелеріміз Құттықожа Ыдырысов та, Гүлнәр Сейітмағамбетова да, Гүлмира Исимбаева да, Мерует Казбекова  да бір ауыздан қолдау білдірді. Біз де «Украинаның ұрыс жүріп жатқан аумақтарынан 667 отбасы,  Ахыска  түріктері Түркияға қоныс тебетін болды. Түркия сыртқы істер министрлігінің көшіріп алу ұсынысын түрік мәжілісі мақұлдаған. 1992 жылы қабылданған заңға сәйкес көшіп келген Ахыска түріктерін белгілі бір аймақтарға қоныстандыру ережесі бекітілген. Министрліктен хабар шығысымен түрік баспасөзінде 667 отбасымен шектелмеу керектігін, Украинадағы барлық 8 мыңға жуық Ахыска түріктерін көшіріп алу туралы ұсыныстар айтылып жатыр» деген су жаңа ақпартты отырғандардың есіне салдық...

Қортынды:

Барлық ұсыныстың өте керек, тым маңызды екенін Депутаттар толық түсінді, мойындады. «31» арнадан берілген қандастарымыздың Тұрақты тіркеуге тұра алмай, Қытайға қайта көшкелі жатқанына қынжылыс білдірген топ, қалай да бұл ЕКІ АНЫҚТАМАНЫ жою керек деген кесімге келді.

Жұмыс тобының жетекшісі депутат Гүлнәр Сейітмағамбетова келесі отырысқа дейін қатысты саланың мамандары бұл ұсыныстарды Заң-ережелерге сай етіп дайындап келуді тапсырды. Келесі отырыс алдағы аптада болады.

Ауыт Мұқибек

Ауыт Мұқибек


"Қамшы" сілтейді



Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар