Корея шекарасындағы жарылыс: үш сарбаз жараланды

Корея шекарасындағы жарылыс: үш сарбаз жараланды
Ашық дереккөз

Оңтүстік Кореяның демилитаризацияланған аймағында іздестіру операциясы кезінде белгісіз жарылыс болып, үш әскери қызметкер жараланды, деп хабарлайды dalanews.kz.

«Үш әскери қызметкер мен сержант демилитаризацияланған аймақтың батыс секторында әскери демаркациялық сызықтың оңтүстігінде операция жүргізу кезінде шығу тегі белгісіз жарылыстан жараланды», – деп хабарлады Оңтүстік Кореяның Біріккен штабтар комитеті.

Оқиға 21 қыркүйек күні таңертең Оңтүстік Корея армиясының бөлімшесі іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатқан кезде болған.

Зардап шеккен екі әскери қызметкер оқиға орнынан тікұшақпен әскери госпитальға жеткізілді. Үшінші сарбаз ауруханаға алдымен жерүсті көлігімен жеткізіліп, кейін эвакуацияланған.

Әскерилер жарылыстың нақты себебін әзірге анықтаған жоқ. Қазір мина жарылуы мүмкін деген нұсқа қарастырылып жатыр.

Оңтүстік Корея тарапы минаның маршрутты тазарту жұмыстары кезінде орнатылған болуы немесе қатты жаңбыр салдарынан Солтүстік Корея аумағынан жылжып кетуі мүмкін деген болжамды тексеріп жатыр.

Бұған дейін оңтүстіккореялық әскерилер демилитаризацияланған аймақтың жекелеген учаскелерінде жер бедерінің өзгергенін хабарлаған. Сондай-ақ олар Солтүстік Корея әскері миналар орнатуы мүмкін деген мәселе бойынша БҰҰ қолбасшылығымен кеңескен.

Демилитаризацияланған аймақтың ұзындығы шамамен 248 шақырым, ені төрт шақырымға жуық. Ол Солтүстік және Оңтүстік Кореяны бөліп тұр. Аймақта миналар мен әскери нысандар көп.

Қазір Оңтүстік Корея әскері жарылыстың нақты себебі мен барлық мән-жайын анықтап жатыр.