Корея Қазақстанға ұйымдасқан қылмыстық топ мүшесін қайтарды

Корея Қазақстанға ұйымдасқан қылмыстық топ мүшесін қайтарды
видео кадры

Қаржылық мониторинг агенттігі бұған дейін халықаралық іздеу жарияланған Ұлан Мұхтарұлы Байболовты Корея Республикасынан Қазақстанға қайтарды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Тергеу дерегіне сәйкес Ұ.М. Байболов салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді жүйелі түрде төлеуден жалтарумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі болған.

Қылмыстық әрекет мынадай жолмен жүзеге асырылған: кәсіпорындар сатып алынып, жалған басшылардың атына қайта тіркелген, олардың банк шоттары арқылы қаржы операциялары жүргізілген, салық есебіне бұрмаланған мәлімет енгізіліп, кейін қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылған.

Осы тәсілге пайдаланылған кәсіпорындардың бірі - "Сфера" ЖШС. 2014 жылы Ұ.М. Байболов осы серіктестік директорының орынбасары қызметіне тағайындалған.

Нәтижесінде топ мүшелері серіктестіктің есеп айырысу шоттарынан 2,5 млрд теңгеден аса қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырған. Бұдан бөлек, қосымша есептелген салық көлемі 1 млрд теңгеден асқан.

Сот күдіктіге қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады. Тергеу жалғасып жатыр.