Конституция күніне орай Жетісу облысының шекаралық Панфилов ауданындағы 4 ауылда жаңа медициналық нысандар пайдалануға берілді. Сөйтіп ауыл тұрғындарына көрсетілетін медициналық қызмет сапасы айтарлықтай жақсарды,- деп хабарлайды Dalanews.kz Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жаңа медициналық нысандар Көктал-Арасан, Сарпылдақ, Дарбазақұм және Қорғас ауылдарында ашылды. Бұл ауылдарда жалпы саны 2 260 адам тұрады.
Атап айтқанда, Көктал-Арасан, Сарпылдақ және Дарбазақұм ауылдарында 3 блокты-модульді медициналық пункт ашылса, Қорғас ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт пайдалануға берілді. Нысан тиісті диагностикалық және емдеу жабдықтарымен қамтылып, сапалы медициналық қызмет көрсетуге қажетті жағдай жасалған.
Оған қоса осы күздің басында ауданның тағы бір шалғайдағы елді мекені – Сарытөбе ауылында жаңа ФАП ашу жоспарланып отыр.
- Көп жылдан бері біз ауыл тұрғындарына ескі, шағын медициналық пунктте қызмет көрсетіп келдік. Ғимарат әлдеқашан тозған. Енді заманауи медициналық мекемеміз ЭКГ, КТГ аппараттары мен спирография жүргізуге арналған жаңа жабдықтармен қамтамасыз етіліп, соның арқасында көрсететін қызмет түрлері де кеңейді. Мұндай құрылғылар диагнозды дәл қоюға мүмкіндік береді, яғни бұл емдеудің тиімділігін арттырады деген сөз. Сондай-ақ бізде зертхана, процедуралық және егу бөлмелері, гинекология және физиотерапия кабинеттері бар. Бұл кабинеттерде акушер мен медбике жұмыс істейді. Бұдан бөлек, аптасына екі рет бізде Атамекен ауылындағы дәрігерлік амбулаториядан келген учаскелік дәрігер науқастарды қабылдайды, – деді жаңа медициналық мекеменің фельдшері Әлім Құткелдиев.
Атап өтсек, халық тығыз орналасқандықтан, соңғы жылдары Жаркент өңірінің барлық дерлік елді мекендерінде заманауи медициналық мекемелер салынып, пайдалануға берілуде. Мәселен, өткен жылы Ақкент және Ақарал ауылдарында блокты-модульді медициналық пункттер іске қосылса, қазіргі кезде Нәдек ауылында дәрігерлік амбулаторияның құрылысы жүріп жатыр. Жалпы, жыл басынан Панфилов ауданының 11 ауылында медициналық нысандар пайдалануға берілді.
Еске салсақ, Жетісу облысы құрылғаннан бергі үш жыл ішінде өңірде денсаулық сақтау саласында 162 жоба жүзеге асырылды. Олардың 75-і - жаңа нысанның құрылысы, 74-і - блокты-модульді медициналық пункт, 13-і - күрделі жөндеу. Осы жобалардың 75-і биыл толық аяқталады деп жоспарлануда. Соның нәтижесінде облыстағы денсаулық сақтау нысандарының жаңартылу деңгейі 63,8 %-ға жетеді.