Егер Қазақстанның кей өңірлерінде коммуналды тарифтер тек ҚҚС өсімінен емес, басқа себептермен көтерілгені анықталса, тұрғындарға төлем бойынша қайта есептеу жүргізіледі. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Министрдің сөзінше, тарифтерді реттейтін орган әрбір табиғи монополия субъектісімен жеке-жеке жұмыс жүргізіп жатыр. Себебі кей жағдайда тарифтің өсуі ҚҚС-тың қымбаттауымен түсіндірілгенімен, іс жүзінде оған басқа факторлар да әсер еткен.
Мысалы, кей өңірлерде коммуналдық қызмет бағасының көтерілуіне газ бағасының қымбаттауы секілді себептер ықпал еткен. Сондықтан тарифтердің барлығы тек ҚҚС өсімінен болды деу дұрыс емес.
Жұманғариннің айтуынша, жалпы ел бойынша коммуналдық тарифтер жаппай өсіп жатқан жоқ. Алайда әр жағдай жеке қаралады. Егер тариф ҚҚС өсімінен артық мөлшерде көтерілгені анықталса, тарифтік реттеуші орган монополист компанияларды артық төленген қаражатты тұрғындарға қайтаруға міндеттейді.
Қазір осы бағытта талдау жүргізіліп, негізсіз көтерілген тарифтер бойынша тиісті шаралар қабылданып жатыр.
