Көкшетау қалалық соты жол қозғалысы ережесін бұзып, абайсызда адам өліміне әкеп соққан әйелге қатысты қылмыстық істі қарады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Сот мәліметінше, мамырда С. жүргізуші куәлігі болмағанына қарамастан, Көкшетау қаласында көлік басқарған. Тұрғын үй ауласына бұрылу кезінде ол жаяу жүргінші Ш.-ны қағып кеткен. Соның салдарынан жәбірленуші ауыр жарақат алып, ауруханада көз жұмған.
Сот барысында С. көлік жүргізуге құқығы болмағанын мойындады. Ол көлік тізгініне жұбайының жағдайы күрт нашарлап кеткендіктен және оның рұқсатымен отырғанын түсіндірді.
Жәбірленуші тарап соттан С.-ны бас бостандығынан айырмауды сұрап, келтірілген шығын толық өтелгенін және кешірім сұралғанын айтты.
Алайда сот жүргізуші куәлігі жоқ адамның көлік басқаруы және жол қозғалысы ережесін бұзып, адам өліміне себеп болғанын ескерді.
Сот үкімімен С.-ға 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Алайда оның екі баласы болғандықтан, заң талаптарына сәйкес жазаны өтеу мерзімі 3 жылға шегерілді.
Сот актісі әзірге заңды күшіне енген жоқ.