Киев облысындағы шабуылдан үш бала көз жұмды

Киев облысындағы шабуылдан үш бала көз жұмды
Ашық дереккөз

Украинаның Киев облысына жасалған ресейлік шабуылдардан үш бала мен бір әйел қаза тапты, деп хабарлайды dalanews.kz.

«Осылайша, Киев облысында қаза тапқандар саны төрт адамға жетті — үш бала және бір әйел», — деп хабарлады Киев облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Тимур Ткаченко. 

Фастов ауданында ресейлік дрон жеке тұрғын үйге соққы берген. Соның салдарынан әйел және оның үш жастағы егіз балалары — қыз бен ұл қаза тапқан. 

Вышгород ауданындағы бөлек шабуыл кезінде жараланған тағы бір бала ауруханада көз жұмған. Осыдан кейін облыстағы шабуылдардан қаза тапқандар саны төрт адамға жеткен. 

Киев облыстық әскери әкімшілігінің мәліметінше, аймақтағы шабуылдар бір тәуліктен астам уақытқа созылған. Бес ауданда 31 нысан зақымданған.

Фастов ауданында ең көп қирау тіркеліп, тұрғын үйлер, өндірістік және шаруашылық ғимараттар, ауыл шаруашылығы кәсіпорнының аумағы мен 17 көлік бүлінген. Вышгород ауданында төрт нысан, оның ішінде екі жеке үй, кәсіпорын ғимараты және білім беру нысаны зақымданған. 

Reuters мәліметінше, Киев пен оған жақын аудандарда дрондардың шабуылы күндіз де жалғасқан. Ресей билігі бұл соққыларға қатысты түсініктеме бермеген.