"Кездесуге дайынмын". Путин Зеленскийді Мәскеуге шақырды

Қаракөз Амантай 04 қыр. 2025 10:44

Қытайға жасаған ресми сапарының қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында Ресей президенті Владимир Путин Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесу өткізуге дайын екенін айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz ТАСС-қа сілтеме жасап.

Путиннің сөзінше, Зеленскиймен келіссөз жүргізу идеясын оған АҚШ президенті Дональд Трамп ұсынған. Осыған байланысты Ресей көшбасшысы Зеленскийді Мәскеуге шақырды.

"Егер Зеленский дайын болса, Мәскеуге келсін. Кездесу өтеді", — деді Путин.

Сондай-ақ Ресей президенті Дональд Трамппен кездесудің де әлі күн тәртібінде тұрғанын атап өтті.

"Әзірге нақты мерзім белгіленбеді, дайындық жүргізіліп жатқан жоқ. Дегенмен шақыру күшінде", — деді ол.

Еске салайық, бұған дейін Украина президенті Владимир Зеленский Ресеймен келіссөздер өткізу үшін бейтарап алаң ретінде бірнеше елді атаған еді. Оның айтуынша, Австрия, Швейцария немесе Түркия қолайлы болуы мүмкін.

Зеленский Мәскеуде кездесу өткізуге үзілді-кесілді қарсы екенін атап өтті.

Ол Түркияны НАТО мүшесі және Еуропаның бір бөлігі ретінде қолайлы нұсқа деп бағалады. Ал Будапештті келіссөздер алаңы ретінде қарастыруға болмайтынын айтты. Бұған себеп – Венгрияның соғыс кезінде Украинаны қолдамауы және оның Еуропалық Одаққа кіруіне қарсы ұстанымы.

Осылайша Украина басшысы бейбіт келіссөздер жүргізу үшін бейтарап және сенімді елдерді таңдауға мүдделі екенін көрсетті.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар