“Кез келген шығын орынды”. Сенатор әскери шеруге бөлінген 2,5 млрд теңгеге қатысты пікір білдірді

Қаракөз Амантай 27 ақп. 2025 13:15 313

Сенатор Андрей Лукин Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери шеруге бөлінген 2,5 млрд теңге көлеміндегі қаржы орынды деп мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Бұл – толық негізделген шығын. Бұл – саяси мәселе, оны қоғам тек оң көзқараспен қабылдайды. Барлық қазақстандық Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің мерейтойын атап өтуге дайындалып жатыр", – деді Лукин Сенаттың кулуарында.

Сенатордың айтуынша, әскери шеруге тек қазақстандықтардың ғана емес, бүкіл әлемдік қауымдастықтың назары ауады. Сондықтан "кез келген шығын орынды" деп есептейді.

Айта кетейік, Ұлы Отан соғысының 80 жылдығына орай Астанада ауқымды әскери шеру ұйымдастырылады. Бұл шараға бюджеттен 2,5 миллиард теңге бөлінбек.

Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің өкілі, полковник Виталий Адамовичтің айтуынша, бөлінген қаражат жанар-жағармай, қосалқы бөлшектер, әскерлердің қозғалысы, іссапар шығындары мен әскери форма тігуге жұмсалады.

Әскери шеру үш кезеңнен тұрады:


1. Жаяу шерудің тарихи және заманауи бөлімдері – әскери экипаждар сап түзеп өтеді.
2. Механикаландырылған техника шеруі – броньды техникалар көрсетіледі.
3. Әскери авиацияның ұшуы – ұшақтар мен тікұшақтар аспанда сап түзейді.

Биылғы шерудің басты ерекшелігі – Қазақстан аумағында жасақталған 23 дивизия мен бригаданың жауынгерлік туларының салтанатты түрде алаңнан алып өтілуі. Сондай-ақ, Әскери тарих мұражайында сақталған Т-34 танкімен Жеңіс туының көшірмесі шеруге қатысады.

Оған қоса, соңғы жылдары сатып алынған заманауи қару-жарақ пен әскери техниканың жаңа үлгілері көпшілікке таныстырылмақ.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар