Кейінгі жеті жылда Қазақстан банктерінің табысы төрт есе артқан

Қаракөз Амантай 26 ақп. 2026 17:17

Кейінгі жылдары Қазақстандағы банктердің таза пайдасы шамамен төрт есе артқан. Бұл туралы Factcheck басылымының алаңында экономист Рахымбек Әбдірахманов жазды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сарапшының мәліметінше, 2019 жылы банк секторының таза пайдасы 746 млрд теңгені құраса, 2026 жылдың басына қарай бұл көрсеткіш 2,7 трлн теңгеге жеткен.

Экономист банк жүйесінің табысы рекордтық деңгейге көтерілгенін атап өтті. Сонымен қатар ол несиелеудің қарқынды өсіп жатқанын, бірақ бұл өсім негізінен бизнесті қаржыландыру есебінен емес, тұтынушылық қарыздар арқылы қамтамасыз етіліп отырғанын айтты.

“Қазақстанның банк секторы жоғары табыстылық көрсетіп, несиелеу көлемін жедел ұлғайтып келеді. Алайда бұл модель барған сайын тұтынушылық несиелерге сүйеніп отыр. Бұл құрылымдық теңгерімсіздік туғызып, ұзақмерзімді тәуекелдерді күшейтеді”, - деп жазады Рахымбек Әбдірахманов.

Оның пікірінше, дамыған елдерде банктер инвестициялық үдеріске терең кірігіп, корпоративтік секторды белсенді қаржыландырады. Ал Қазақстанда екінші деңгейлі банктер көбіне ішкі тұтынуды ынталандыруға басымдық беріп отыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove